Выбор редакцииСоциум

Абаевтың жаңа сынағы: Ана тілінің жанашырына айналған шенеуніктер

Соңғы кездері қоғамның қазақ тіліне деген талабы күшейіп тұр. Оның терең ішкі әрі сыртқы себептері бар екені белгілі. Бірнеше жыл бұрын тіл патрульдерінің өзге ұлт өкілдерінен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үлкен резонанс тудырды. Терістік көршіміздің ресми саяси тұлғаларына дейін Қазақстандағы русофобия жайында мәселе көтере бастады.

Сол кезде Ақпарат министрі болып тұрған Дәурен Абаев тіл жанашырларының белсенділігін «үңгірдегі ұлтшылдық» деп бағалап, Кремльдің ығына жығылып, қолайына жағатын пікір білдіргені жұрт есінде. Сөйткен Абаев таяуда ғана Казақстанның Ресейдегі өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ормандай орыстың ортасынан бір-ақ шыққан Абаевтың тағы да «үңгірдегі ұлтшылдықпен» күресетін түрі бар. Бұл жолы оған оңай соқпайын деп тұр. Олай дейтініміз, бұл жолғы мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етушілер қоғамдағы қара қазақ емес, білдей бір облысты басқарып отырған ірі шенеуніктер.

Алдында Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахмет өзіне қолайсыз сұрақ қойған орыс мінезді журналист Асхат Ниязовқа «Мемлекеттік тілді – ана тіліңді неге білмейсің?» деп әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрған еді.

Бұл жолы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов мырза тілі орысша шыққан журналистке «Сұрағыңды қазақша қой!» деп мемлекеттік тілге жанашырлық танытты. Мәскеуге жаңа барған Абаевтың, орыс ұлтшылдарының мұның бәрін біліп отырғаны айдан анық.

Ана тілінің мерейін көтергісі келген қатардағы белсендіні орысқа жығып берудің Абаевқа қаптан құрт алғандай оңай шаруа екеніне көзіміз жеткен. Ал шенеуніктердің анау-мынау емес, өзін айрықша білермен санайтын атышулы журналистің ана тілін білмейтінін бетіне басып, мемлекеттік тілде – қазақ тілінде сөйлеуді талап етуін Кремльге не деп түсіндірері қызық болып тұр.

Осының алдында ғана Қырғыз билігі мемлекеттік қызметкерлерге ана тілін білуді міндеттейтін заң қабылдағанда орыс билік өкілдерінің қалай тулағанына куә болдық. Ресейдің Сыртқы істер министрі «ол заңға қайшы» деп те көпірді. Абаевтан да қазақ шенеуніктерінің ана тіліне ерекше жанашырлық танытып, не себепті «тіл патрульдерінің» қатарына қосылғанын түсіндіруді талап етері анық.

Осылайша «елбасы» деп ардақталған тұңғыш президент Назарбаевтың кезінде мемлекеттік тіл мәртебесін алғанымен Ата заңда ресми байланыс тілі ретінде шегеленіп жазылған орыс тілінің тасасында қалып келе жатқан қазақ тілінің жыры жаңаша сипат алып отыр.

Шенеуніктер ел ішінде де, сыртында да Назарбаевтың сарабдал саясатының салдарымен бетпе-бет келуге мәжбүр болуда. Қазір «Хабар» мен «Қазақстанға» телміріп отыратын заман емес. Ғаламтор дамыған заман. «Диван батырларының» екпіні мемлекеттік деңгейде сөз болуда. Қазақ тілінің мүшкіл халі әлеуметтік желінің өзекті тақырыптарының біріне айналды. Оған «Мухоряпов ісі» дәлел.

Елцин заманындай емес қазір Кремльдің қара ниеті қабынған кезең. Путиннің Украинаға жосықсыз соғысын бүкіл әлем айыптап отыр. Орыс тілін импералистік пиғылының жамылшысы етіп алғаныннан да хабардар. Өткен 30 жылда Назарбаев хакім Абай биік көркемдік деңгейге көтерген, Алаш арыстары ғылымның тіліне айналдырған ана тілімізді бизнестің, сандық технологияның тіліне айналдырғанда қоғам мен билік те бүгінгідей тартыс болмайтын еді.

Сөз сардары Шерхан Мұртаза кезінде халық қалаулысы болып тұрған кезде парламент мінберінде қазақтың ескі әдебиетінің тарихын жазған жазушы Немат Келімбетовтың ана тілін білмейтін ұлы, ескі Қазақстанның белді қаржыгерлерінің бірі болған Қайрат Келімбетовты бір сілкіп алған. Ералы Тоғжанов мырза ше? Тәуелсіздікпен құрдас болса да ана тілін білмейтін жас шенеуніктерге де журналистке қойған талабын қаймықпай қоя ала ма, әлде «қарға қарғаның көзін шоқымайды» деп үнсіз жүре бере ме?!

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

Другие новости

Back to top button