Бала-шағасына зәбір көрсетіп келген отағасы қызын тоқалдыққа да бермек болған
45 жастағы алматылық кәмелетке толмаған туған қызын діни-радикалды көзқарастың жақтастарына тоқалдыққа бермек болған. Бұл туралы өз отбасына зәбір көрсетіп келген отағасының жары айтты.
Дегенмен келіншек Almaty.tv-ға берген сұқбатында дауысын өзгертуді сұрапты. Ол жұбайының басы сәждеге алғаш тиген сәтте жақындары мұны қуанышқа жорығанын айтады. Алайда 2 жылда күрт өзгеріпті. Бейтаныс адамдармен араласып, екінші әйел алу туралы әңгімені жиі қозғайтын болған. Өз ұлын өлімші етіп сабап, туыстарын «кәпір» деп балағаттаған. Ең сорақасы, өзінің 16 жастағы туған қызын достарына тоқалдыққа беремін деп айды аспанға шығарған. Осыдан кейін ажырасқан келіншек 4 жылдан бері 3 баласын жалғыз бағып отыр.
Қызымды 16-ға толған кезде оқымайды, күйеуге беремін деді. Өзімнің достарымнан тауып беремін, «братьялардың» ішінен деді. Қызымды күйеуге беремін дегеннен кейін қатты ойлана бастадым, – дейді қала тұрғыны.
Діни-радикалды көзқарастың жақтаушысынан бүгінде іргесін аулақ салған Ақмола облысының тұрғыны да осыған дейін жылдар бойы төзіп келген қорлықты жасырмай айтты. Оның айтуынша, отағасы келіншегіне адам санатында емес, мүлік ретінде қараған. Одан қалса, теріс діни ағымды насихаттаушылардың жазбасын оқып, оларды пір тұтқан.
Білуімше, сәләфиттер адамдарды өз ағымына шақырады. «Біз саған тек жақсылық ойлаймыз, бұл — нағыз дін, сен бізге бауырсың, сені Алла разылығы үшін жақсы көреміз» дейді. Мұндай көркем сөздермен өзіне сенімсіз және діни сауаты жоқ адамдарды баурап алады. Жұбайымның 2 жоғары білімі бар. Ол теріс ағымға қалай еріп кетті? Әлі күнге дейін түсінбеймін, – деді тұрғын.
Теологтың айтуынша, мұндай діни бағытта насихат жүргізетіндердің дені теріс ағымға үгіттейді. Түрлі аргументтер келтіріп адам санасын улайды. Оның астарында міндетті түрде өзіндік миссия жатыр.
Интернет дамыған заманда Telegram, YouTube, тіпті Tiktok каналдарды шейхсымақтар, ұстазсымақтар пайдаланып жатыр. Мәселен, бұрын олар суретке, видеоға түсу харам деп, тек қажет жағдайға ғана рұқсат беретін. Фото-видеоға түспейтін. Қазіргі таңда өздері әлемжеліде жүр.Түрлі каналдар ашып, жұмыс істеп жатыр. 2004,2005,2006 жылдардағы идеологияның өте күшті болғаны соншалық, бүгінгі таңда әлі күнге дейін соның салдарымен күресіп жатырмыз, – деді теолог Руслан Қайыргелді.
Ал «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Смаилова деструктивті діни ағымға үгіттейтін контенттің соңғы жылдары белең алғанын жоққа шығармайды. Оларға қарсы күрес жүргізу де оңай шаруа емес. Оларға ергендер қатары артпаса, кемімейді.
Мысалы, бізге күніне әйелдерден орта есеппен 40-қа жуық хат түсіп жатады. Оның 80-90 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы. Бізге жылына шамамен 10 мыңнан астам хабарлама түссе, соның жартысы міндетті түрде «дінге» қатысты болады, – деді «Не молчи» қорының президенті Дина Смаилова.
Алматы қалалық Дін істері басқармасына жыл басынан бері 2 әйел жүгінген. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп, арнайы оңалту орталығына жіберілген. Бүгінде теологтар санасы уланып үлгергендерге дерадикализация жұмыстарын жүргізіп те жатыр. Имамдар мен дінтанушылар діни сауатын арттырғысы келгендерді абай болуға шақырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде бекіткен дереккөздерге жүгінуге шақырады.