Ресейге қарсы санкциялар қазақстандықтардың өміріне әсер етті ме
Зерттеушілер Ресейге қарсы санкциялардың қазақстандықтар өміріне қандай әсер еткенін білу мақсатында сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
BISAM Central Asia әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы мамыр айында Қазақстанның бірнеше қаласында, атап айтқанда: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Тараз және Өскеменде сауалнама жүргізді.
Ресейге салынған санкциялардың қазақстандықтардың өміріне қалай әсер еткенін білу үшін орталық өкілдері 18-65 жас аралығындағы мың респонденттен сұхбат алған. Қазақстандықтардың пікірі мобильді сауалнама (CAPI) әдісімен жиналды.
Сауалнамаға қатысқандардың 5%-ы ғана санкциялар Қазақстанға мүлдем әсер етпеді деп жауап берді. Респонденттердің жартысынан көбі Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға қатты әсер етті деген қорытындыға келген. Қазақстандықтардың 30%-ға жуығы Ресейге қарсы санкциялар азаматтардың өмірі мен еліміздің экономикасына әсер етті деп санайды.
Зерттеушілер санкциялардың әсер ету деңгейін бағалау респонденттердің қаржы жағдайына байланысты екенін анықтады. Ең көп зардап шеккені – халықтың тұрмысы нашар топтары.
Сауалнамаға қатысқандар арасындағы «қаржы тек тамақтан артылмайды, киімге немесе басқа заттар алуға қаражат жетпейді» деп жауап берген топ санкцияның олардың өміріне «өте күшті әсер еткенін» және «қатты әсер еткенін» айтты. Бұл топ сауалнамаға жауап бергендердің ¾ пайызына тең. Сауалнамаға жауап бергендердің жартысына жуығы тұрмыстық техниканы несиесіз сатып алуға мүмкіндік беретін орташа табысы бар екенін айтса, ең жоғары кірісі бар қатысушалар тобы (өз қаражатына жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндігі бар азаматтар қатары) респонденттердің үштен біріне ғана тең.
Сарапшылардың пікірінше, санкциялар егде адамдарға қарағанда жастар үшін айтарлықтай аз әсер еткен. Мысалы, 18-35 жас аралығындағы респонденттердің 50%-ы санкциялардың қазақстандықтардың өміріне және ел экономикасына әсерін өте күшті және айтарлықтай күшті деп санаса, 46-55 жастағылар тобында мұндай пікір 57% болды. Ал 56-65 жас тобында 65%-ға тең.
Нәтижеде байқалғандай, әйелдер санкциялардың әсерін еркектерге қарағанда (еркектер 19,4%, ал әйелдер 28,4%) «өте күшті» (23,7%) немесе «қатты әсер етті» (33%) деп бағалайды. Осыған қарап үй шаруасымен көбірек айналысатындар санкцияларды көбірек сезінді деуге де болады.
Ресейге қарсы санкциялар және соған байланысты елдегі және әлемдік экономикадағы дағдарыс құбылыстары респонденттердің өміріне өзгерістер еңгізгенін айтты.
Мысалы жауап берушілердің 83%-ы азық-түлік тауарларының және 67%-ы азық-түлік емес тауарлардың бағасы өскенін атап өтті. Еңбек нарығындағы, өмір салтындағы, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктеріндегі өзгерістерді респонденттердің әлдеқайда аз, бірақ айтарлықтай елеулі бөлігі сезінді. Сауалнамадан байқағанымыздай, Ресейге қарсы санкциялар мен соған байланысты әлемдік экономикадағы дағдарыс құбылыстары Қазақстанға ғана әсер етіп қоймай, әрбір қазақстандық отбасының өміріне әсер етті, – деп қорытындылады зерттеушілер.