Мұнай өнімдерін елден шығарылуын шектеу және оған бақылауды күшейту маңызды — Ақшолақов
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов елімізде жанармай бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында тиісті шешімдер қабылдауы керек. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері Энергетика министрлігіне, оның ішінде жергілікті жанармай құю станциялары, коммуналдық кәсіпорындар мен автобус парктері дизель отынының талап етілетін көлеміне өтінімдер бойынша ақпарат беруді жеделдетсін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Энергетика министрлігі тәуліктік босату лимиттерін бақылаудың цифрлық жүйесін енгізуді жеделдетуі тиіс. ҚазМұнайГаз Қазақстанға 100 мың тонна импорттық дизель отынын жеткізуді жылдамдатуы тиіс. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге тоқтаған кезде қосымша көлемде импортты қарастырсын», — деді Б. Ақшолақов.
Оның айтуынша, ҚТЖ вагон-цистерналардың уақтылы берілуін және тиелген көлемдердің басымдықпен жеткізілуін үйлестіру мен бақылауды жалғастыруы керек.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мұнай өңдеу зауыттарында және мұнай базаларында дизель отынына көтерме сауда бағаларын уақытша мемлекеттік реттеуді қосымша пысықтауы тиіс. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Энергетика министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және ҚМГ автобензин өндіруді, қордың орнын толтыруды әрі өткізуді бақылауды қамтамасыз етуі керек. Жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мұнай өнімдерінің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылуын шектеуі және айналымына бақылауды күшейтуі маңызды», — деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мұнай өнімдерін өндірудің 2022 жылға арналған болжамы 13,72 млн тоннаны құрайды, бұл 2021 жылға қарағанда 1,04 млн тоннадан астам жоғары.