Социум

Ақтауда су асты әлеміне арналған көрме ашылды. Ал Англияда ғалымдар алғаш рет тірі маржанның ішіндегі жұмыртқа жасушаларын ультрадыбыспен зерттеді

Ақтауда «Көзге көрінбес әлем: су астындағы қала» көрмесі ашылды. Оны Canon компаниясы Қазақстан Республикасының Зоология институты және Гидробиология және экология институтымен (ГЭИ) бірлесіп ұйымдастырды.

Көрменің ашылуына ГЭИ ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова арнайы келді. Ол көп жылдан бері Каспий итбалығын зерттеп жүр. Ғалым көктемгі экспедициясы туралы айтып, итбалықтардың жаңа фотосуреттері мен бейнежазбаларын көрсетті. Сондай-ақ соңғы зерттеу нәтижелері мен бақылауларын бөлісті.

«Далалық зерттеулер итбалықтардың әрқайсысының өзіне тән мінезі бар екенін көрсетті. Олардың өзара қарым-қатынасы туралы біз әлі көп нәрсе білмейміз», – дейді Әсел Баймұқанова. «Каспий итбалықтарын зерттеу үшін олардың қимыл-қозғалысы мен мінезін түсіне білу керек. Оларды бақылаудың өзі ерекше әсер қалдырады. Әсіресе көздеріне қараған сәт ұмытылмайды. Бұл жануарлар ешкімге зиян келтіргісі келмейді. Ақтау тұрғындары үшін қала қаншалықты қымбат болса, итбалықтар үшін Каспий теңізі де соншалықты қымбат мекен. Тұрғындар теңіздегі осы «көршілерін» жақсырақ танып, кездестіргенде ажырата білсе, оларды бірге сақтап қалуға үмітіміз артады. Каспий итбалығын қорғау менің басты мақсаттарымның біріне айналды. Өйткені оларға кеме қатынасы, балық аулау, қоршаған ортаның ластануы және климаттың өзгеруі қауіп төндіріп отыр».

«Көзге көрінбес әлем: су астындағы қала» фотокөрмесі бұған дейін Алматы мен Астанада өткен. Енді оны Ақтау тұрғындары тамашалай алады. Бұл қала үшін теңіз табиғатын қорғау тақырыбы ерекше маңызды: Каспий теңізі – Каспий итбалығының мекені.

Көрмеде маржандар мен Каспий итбалықтарының фотосуреттері қойылған. Сондай-ақ ҚР Зоология институтының ғылыми қызметкері Дмитрий Малаховтың, табиғат фотографы Владислав Якушкиннің және құстарды бақылаушы Геннадий Дякиннің жұмыстары ұсынылған. Келушілер Владимир Тимоханов пен Тимофей Банников салған сирек кездесетін балықтардың иллюстрацияларын да көре алады.

Көрменің ашылуында Canon маржан рифтерін қалпына келтіруге арналған халықаралық жоба туралы да айтты. Осы мақсатта Canon компаниясы, маржан өсірумен айналысатын британдық Coral Spawning International зертханасы және Сейшел аралдарындағы Nature Seychelles табиғат қорғау ұйымы бірлесіп, World Unseen: Coral Matchmaking («Көзге көрінбес әлем: су астындағы қала») жобасын іске қосты.

«Қазақстанда маржан рифтерін қалпына келтіру бізге қатысы жоқ мәселе болып көрінуі мүмкін. Өйткені маржандар бізден алыста орналасқан. Бірақ табиғаттағы барлық нәрсе өзара байланысты», – дейді Canon компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Марал Рахимжанова. «Теңіз экожүйесінің 30%-ға дейінгі бөлігі маржан рифтерінде шоғырланған. Маржандармен бірге тіршілік ететін балдырлар фотосинтез арқылы оттегі бөледі. Біз әрбір екінші тынысымыз үшін мұхитқа қарыздармыз. Сондықтан Алматы, Астана және енді Ақтау тұрғындарына әдемі фотосуреттер мен ғылыми деректерді ұсынғанымызға қуаныштымыз».

Зертхана климаттың өзгеруіне төзімді маржандардың генетикалық тұрғыдан алуан түрлі қорын қалыптастыруды көздейді. Маржандардың көбеюін бақыланатын жағдайда ұйымдастыру арқылы жаңа ұрпақ алуға болады. Мұндай маржандар қолайсыз климат жағдайында да түсін жоғалтпай, тіршілігін жалғастырып, көбейе алады. Бұл рифтерді қалпына келтіруге және қорғауға көмектеседі.

Coral Spawning International (CSI) ғалымдары Canon Medical Systems UK және Canon EMEA мамандарымен бірге әлемде алғаш рет тірі маржанның ішіндегі дамып жатқан жұмыртқа жасушаларын ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтады. Ол үшін Canon Aplio i700 аппараты қолданылды.

Ғалымдар ірі полиптері бар, қаңқа құрылысы әртүрлі қатты маржанның алты түрін зерттеді. Зерттеу кезінде маржандар судан шығарылған жоқ. Бұрын жұмыртқа жасушаларын анықтау үшін маржандарды кесуге тура келетін. Ал енді жоғары және аса жоғары жиілікті датчиктер олардың ішкі құрылысын кеспей-ақ көруге мүмкіндік береді. Бұл маржандардың уылдырық шашатын уақытын дәлірек болжауға, оларды көбейту жұмыстарын жоспарлауға және қорғау шараларын жақсартуға көмектеседі.

Coral Spawning International ұйымының тең құрылтайшысы, доктор Джейми Крэггс:

«Біз маржандар, әсіресе олардың көбеюі туралы әлі көп нәрсе білмейміз. Тірі маржанның ішінде не болып жатқанын осындай дәлдікпен көру – үлкен жетістік. Бұл тәжірибе бізге осы жануарларды жаңа қырынан зерттеуге жол ашты. Маржандардың қалай көбейетінін жақсырақ түсіну үшін уылдырық шашу кезеңіндегі бақылауларды жалғастырамыз», – деп атап өтті.

Көрменің тағы бір қызықты бөлігі – VR-көзілдірік арқылы маржан рифтеріне виртуалды саяхат жасау. Келушілер су астындағы әлемге енгендей болып, маржандардың сұлулығын жақыннан тамашалай алады.

«Көрінбейтін әлем: су астындағы қала» фотокөрмесінде келушілер сирек фотосуреттерді көріп қана қоймай, табиғатты зерттеп, қорғап жүрген ғалымдардың еңбегімен танысады. Каспий итбалықтары мен Үнді мұхитының маржандары туралы оқиғалар су астындағы тіршіліктің қаншалықты алуан түрлі әрі осал екенін көрсетеді.

Көрме Ақтаудағы «ШУМ» сауда орталығының екінші қабатында 2026 жылғы 18 қарашадан 27 желтоқсанға дейін өтеді.

 

Другие новости

Back to top button