Социум

Алаяқтар iPhone 18 айналасындағы дүрбелеңді өз мақсаттарына пайдалануда

«Касперский зертханасының» сарапшылары жаңа iPhone модельдеріне деген жоғары сұранысты алаяқтардың өз пайдасына пайдаланып жатқанын ескертеді. Зиянкестер түрлі сылтаумен әлемнің әр түкпіріндегі пайдаланушыларға ресми төлем жүйелері мен дүкендердің атынан жалған электрондық хаттарды жаппай таратып, олардың жеке деректері мен қаражатын алуға тырысуда.

Жалған алдын ала тапсырыстар. «Касперский зертханасының» сарапшылары Apple Store ресми дүкенінен келгендей етіп жасалған, iPhone 18 Ultra Pro смартфонына алдын ала тапсырыс расталғаны туралы ағылшын тіліндегі жалған хаттарды анықтады. Хатта пайдаланушы iPhone 18 Ultra Pro смартфонына алдын ала тапсырыс беріп, құны 1 мың АҚШ долларынан асатын төлемді криптовалюта арқылы жүзеге асырғаны жазылған. «Қате» транзакцияны анықтау үшін хатта Apple компаниясының «қолдау қызметіне» қоңырау шалуға ұсыныс жасалады. Алайда көрсетілген нөмірге қоңырау шалса, алаяқтар әңгіме барысында пайдаланушының түрлі сервистердегі аккаунттарына, банк шотына қатысты деректеріне қол жеткізуге немесе белгілі бір әрекеттерді орындауға көндіруге тырысуы мүмкін.

Сондай-ақ халықаралық төлем жүйесінің қауіпсіздік қызметі атынан жіберілген хаттар да анықталған. Онда сервер пайдаланушының аккаунтына белгісіз құрылғыдан рұқсатсыз кіріп, Apple iPhone 18 Pro смартфонына 900 АҚШ долларынан астам сомаға алдын ала тапсырыс беруге әрекет жасалғанын анықтағаны хабарланған. Сатып алудан бас тарту үшін хат алушыға қолдау қызметінің телефон нөміріне қоңырау шалу ұсынылған. Алайда бұл нөмір де шын мәнінде алаяқтарға тиесілі болған.

iPhone-ды қандай түсте қалайсыз? Сондай-ақ iPhone 18 Pro смартфонының қалаған түсін ресми таныстырылымға дейін алдын ала брондауды ұсынатын күмәнді хаттар да тіркелген. Мұндай хабарламаларда смартфонды сатылым басталған күні жеткізуге уәде берілген. Егер пайдаланушы осындай хаттағы сілтемеге өтсе, алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін.

«Зиянкестер әрдайым түрлі тақырыптардың айналасындағы дүрбелеңді өз мақсаттарына пайдаланады. Ал iPhone сияқты жаңа құрылғылардың кезекті таныстырылымы пайдаланушыларды алдаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Мұндай тұзақтарға ресейлік пайдаланушылар да тап болуы мүмкін. Кіріс жәшігіне келетін кез келген ақпаратқа, тіпті ол сенімді көрінсе де, сақтықпен қарау маңызды. Күмәнді хабарламаларда көрсетілген телефон нөмірлеріне ешқашан қоңырау шалмаған жөн. Егер қолдау қызметімен байланысу қажет болса, оның телефон нөмірін ресми сайттан өзіңіз тауып алыңыз. Сондай-ақ белгісіз жіберушілерден келген хаттардағы сілтемелерге мұқият болу және күмәнді ресурстарда аккаунт деректері мен төлем ақпаратын енгізбеу қажет», – дейді «Касперский зертханасының» спамды талдау жөніндегі аға сарапшысы Анна Лазаричева.

Мұндай шабуылдардан қорғану үшін «Касперский зертханасының» мамандары пайдаланушыларға мынадай кеңес береді:

  • хат жіберушінің экранда көрсетілген атына ғана емес, оның нақты электрондық мекенжайына назар аудару;
  • күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу және олардан файлдарды жүктеп алмау;
  • күмәнді ресурстарда аккаунт деректерін енгізбеу және төлем жасамау;
  • күтпеген хат жіберген ұйыммен байланысу қажет болса, оның ресми ресурстарынан байланыс деректерін өзіңіз тауып, мұндай хабарламаның шынымен жіберілген-жіберілмегенін анықтау;
  • пайдаланылатын барлық құрылғыларға қорғаныс бағдарламаларын орнату. Мысалы, фишингтік және алаяқтық ресурстарға өтудің алдын алатын Kaspersky Premium,  шешімін пайдалануға болады.

 

Другие новости

Back to top button