2025 жылы технологиялар багажды қате өңдеу деңгейін 23%-ға төмендетті, алайда мұндай олқылықтар әуе саласына әлі де жылына 6,3 млрд АҚШ долларына түсіп отыр
SITA 2026 Baggage IT Insights Report есебіне сәйкес, жолаушылар ағыны рекордтық деңгейге жеткеніне қарамастан, багажды қате өңдеу деңгейі алғаш рет пандемияға дейінгі көрсеткіштен төмен түсті.

Қысқаша
- Жолаушылар ағыны өсті. 2025 жылы әлемдік жолаушылар ағыны 5 млрд адамға жетті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,8 млрд болған.
- Багажды қате өңдеу азайды. Бұл көрсеткіш 23%-ға төмендеп, 1 000 жолаушыға шаққанда 4,9 жағдайды құрады; осындай жағдайлардың жалпы саны 19%-ға азайып, 24 млн багаж бірлігіне дейін қысқарды. Екі көрсеткіш те пандемияға дейінгі деңгейден төмен түсті.
- Сала шығыны. 2025 жылы мұндай олқылықтардың әуе саласына келтірген шығыны 6,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл жаһандық авиация саласының жиынтық пайдасының шамамен 15%-ына тең.
- Шығынның жаңа өлшемі. Багажды қате өңдеудің әрбір жағдайы орта есеппен 260 АҚШ долларына бағаланады. Бұл бұрын кең қолданылып келген, бірақ қазір ескірген 150 долларлық бағалаудың орнына келіп отыр.

2025 жылы авиация саласы пандемиядан кейінгі кезеңдегі ең елеулі ілгерілеуді көрсетті. Жолаушылар саны өсіп жатқанымен, багажды қате өңдеу деңгейі 23%-ға төмендеді. SITA 2026 Baggage IT Insights Report есебінің деректеріне сүйенсек, бұл цифрлық трансформацияға бағытталған күш-жігердің нақты нәтиже бере бастағанын көрсетеді. Аталған есеп — салалық бенчмарктің 20-шы жыл сайынғы шығарылымы.
Алайда негізгі мәселе тек көрсеткіштердің жақсарғанында емес, әлі де сақталып отырған елеулі алшақтықта. Багажды қате өңдеу саланың жыл сайынғы шығынын 6,3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізіп отыр. Орта есеппен мұндай әрбір жағдай 260 долларға түседі. Бір ғана қате өңделген багаждың өзі 30-дан астам сатылған орыннан түсетін пайданы жоққа шығарады, ал мұндай бес жағдай бір рейстің орташа пайдасын толықтай жояды.
Жолаушылар ағыны оны қабылдауға арналған инфрақұрылым мүмкіндігінен жылдамырақ өсіп келеді. Тек 2025 жылдың өзінде әлем бойынша 5 млрд жолаушы тасымалданғанымен, 24 млн багаж бірлігі бәрібір қате өңделген. Ұзақ мерзімді динамикаға қарасақ, 2007 жылдан бері мұндай жағдайлар деңгейі шамамен төрттен үшке қысқарған.
2025 жылғы басты өзгеріс — жекелеген бір технология емес, жүйелердің өзара ықпалдасу тәсілінің өзгеруі. Оған нақты уақыт режимінде деректер алмасу, жасанды интеллект негізіндегі бағыттау, багажды биометрия арқылы тапсыру және жолаушылардың қосылған құрылғылары жатады.
«Багаж енді тек логистикалық міндет емес, біртіндеп цифрлық сервиске айналып келеді. Жолаушылар өз багажының қайда екенін кез келген сәтте білгісі келеді және оны бақылауға көмектесуге барған сайын дайын. Келесі кезең — бізде бар технологияларды сапардың әрбір кезеңіне, әрбір оператор мен әрбір әуежайға кеңінен енгізу. Бұл жолаушылар сапарының бүкіл тізбегі бойынша ашықтықты арттырып, өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Дәл осылай сала бүгінгі жолаушылар күтетін сенімді қалыптастырады», — деді SITA компаниясының багаж жөніндегі шешімдер директоры Николь Хогг.
Нақты нәтижелер бұл тәсілдің тиімділігін көрсетіп отыр. Apple Find My функциясын SITA WorldTracer® жүйесіне біріктірудің алғашқы жылында біржола жоғалған багаж саны 90%-ға қысқарып, кешіктірілген багажды табу уақыты 26%-ға азайды. Бұдан бөлек, SITA жуырда WorldTracer® жүйесіне заттың орналасқан жері туралы ақпаратпен бөлісуге мүмкіндік беретін Google Find Hub функциясын қосты. Ал Thai Airways әуе компаниясы SITA Auto Reflight шешімін қолдану арқылы тоғыз әуежайда әрбір багаж бірлігі бойынша бұрын үш минут алатын операцияны бір секундқа дейін қысқартты.
«Әуежайлар жыл сайын өздерінің физикалық мүмкіндіктерінің шегіне жақындай түсуде, ал мәселенің шешімі әрдайым жаңа инфрақұрылым салуда емес. Деректер, жасанды интеллект және операциялық процестерді болжам негізінде басқару бізге қолда бар әуежай инфрақұрылымын әлдеқайда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді — тіркеу аймағында, қауіпсіздік бақылауында, отырғызу қақпаларында, перронда және багаж залдарында. Багажға қатысты жағдай бұл тәсілдің жұмыс істейтінін дәлелдейді. Total Airport Management сияқты шешімдер осы ұстанымды бүкіл операциялық циклге енгізіп, әуежайларға инфрақұрылым ауқымын кеңейтпей-ақ өсіп келе жатқан жүктемені қабылдауға мүмкіндік береді», — деді SITA бас директоры Дэвид Лаворель.
Есеп сонымен қатар келесі ілгерілеуге қай бағыттарда қол жеткізуге болатынын да көрсетеді. Кешіктірілген багаж жалпы шығынның шамамен 70%-ын құрайды, оның басым бөлігі багажды іздеу, қайта бағыттау және жеткізу сияқты операциялық шығындарға тиесілі. Ал жоғалған немесе бүлінген багажға қатысты шығындардың 70%-ға дейіні өтемақы төлеуге жұмсалады. Транзиттік ауысулар әлі де багажды қате өңдеудің негізгі себебі болып отыр: 2025 жылы мұндай жағдайлардың 39%-ы осы факторға тиесілі болды, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 41% болған.
Жалпы үрдіс айқын. Әуе компанияларының төрттен үшеуі алдағы екі жылда жасанды интеллектке инвестиция салуды жоспарлап отыр. Олардың жартысы жолаушыларға багаждың мәртебесі туралы нақты уақыт режимінде ақпарат беруді көздейді. IATA 753 қарары аясындағы салалық багажды қадағалау деңгейі қазірдің өзінде 50%-дан асты, ал толық сәйкестікке 2027 жылға қарай қол жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы кезеңнің жаңа бағыттары қазірдің өзінде көрініп отыр: багажды үйден рәсімдеу және таңбалау, оны көліктен түспей-ақ тапсыру, сондай-ақ багаждың жолаушымен бір рейспен тасымалдануы міндетті емес сценарийлер.
SITA туралы
SITA — әуе көлігі саласына арналған жаһандық технологиялық компания. Ол сапарларды барша үшін қауіпсіздеу, ыңғайлырақ әрі орнықты етуге көмектеседі. Коммерциялық авиацияның алғашқы күндерінен бастап бүгінгі цифрлық кезеңге дейін SITA саланың барлық қатысушыларын байланыстырып, оның дамуына әр жаңа белесте қолдау көрсетіп келеді.
Толығырақ: www.sita.aero.


