Бизнес

ТШО Жылыой ауданындағы кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыруда: «Таңдау» жобасының қорытындылары жарияланды

Құлсары қаласында 2026 жылғы «Таңдау» жобасының бесінші легі аяқталды. Жоба аясында Жылыой ауданының тағы 28 тұрғыны өз бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін қаржылық қолдауға ие болды. Жоба жергілікті бастамаларды қолдауға және өңір тұрғындарының жоспарларын іске асыруына көмектесуге бағытталған. «Таңдау» жобасы Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) қаржыландыруымен және Орталық Азияның Еуразия Қорының (ОАЕҚ) жүзеге асыруымен іске асырылуда.

Биылғы «Таңдау» жобасының бесінші легіне барлығы 136 өтінім келіп түсті, оның ішінде 60 қатысушы жартылай финалға өтті. Жартылай финалистер бизнес-акселераторлардың төрт тренингінен өтті: стратегиялық жоспарлау, қаржылық жоспарлау, маркетинг және көпшілік алдында сөйлеу. 44 қатысушы өз жобаларын комиссия алдында сәтті қорғады. Іріктеу ТШО, ОАЕҚ өкілдері және кәсіпкерлік саласында табысты тәжірибесі бар сарапшылардың қатысуымен жүргізілді.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова «Таңдау» жобасының тұрғындар арасында сұранысқа ие екендігін және өзінің тиімділігін дәлелдегенін баса айтты.

«Таңдау» Жылыой ауданының тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер береді, өйткені жобаның негізгі нәтижелерінің бірі халықтың осал топтарын, соның ішінде көп балалы отбасыларды және жастарды қолдау және тарту болды. Қатысушыларға кәсіптерінде табыс тілейміз», — деді Гүлнафис Айшуақова.

2026 жылғы бесінші лек жеңімпаздарының қатарында жобаның мақсатты топтарына жататын қатысушылар да бар. Атап айтқанда, 16 көпбалалы отбасы өкілі, 35 жасқа дейінгі 12 жас кәсіпкер, 2 жұмыссыз азамат және 3 жалғызбасты ана жеңімпаз атанды. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, сүт өнімдері өндірісі, білім беру орталықтары, автосервис, кондитерлік өнімдер, фитнес, спа-салон, нүктелік массаж орталығы, кәріз жүйелерін тазалау, автожуу, полиграфия, тігін өндірісі, қоғамдық тамақтану, азық-түлік және киім дүкендері сияқты салаларда батыл әрі креативті шешімдер ұсынды.

«Теңізшевройл» компаниясы бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров бағдарламаның 2023 жылдан бері тұрақты түрде жүзеге асырылып, оң нәтижелер көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

«Теңізшевройл әлеуметтік жауапты компания ретінде қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары тұратын Жылыой ауданының әлеуметтік дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. «Таңдау» жобасы өз ісін бастағысы келетін кәсіпкерлерге тың мүмкіндіктер ашады. ТШО мен Жылыой ауданы әкімдігінің осындай бірлескен бастамалары аудан экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосады деп сенеміз», – деді Қуанышкерей Мұхтаров.

2025–2026 жылдардағы нәтижелер бойынша жобаға қатысуға 209 адам ниет білдірді. Олардың 102-сі жартылай финалға өтіп, 64 қатысушы оқуды аяқтады. Нәтижесінде 40 жеңімпаз кәсіпкерлікті дамыту үшін қаржылық қолдау алды.

Жобаның 4-легінің жеңімпазы, жиһаз шеберханасының иесі, Рзабай Мұхтар өз тәжірибесімен бөлісті:

«Таңдау» жобасы туралы достарымнан естіп, қатысуға шешім қабылдадым. Жартылай финалға өтіп, төрт апталық тренингтерге қатыстым. Осы уақыт ішінде сапалы білім мен құнды кеңестер алдым. Әсіресе қаржы және маркетинг саласындағы алған білім мен үшін өте пайдалы болды, оларды өз бизнесімде тиімді қолдандым. Жоба арқасында жаңа адамдармен танысып, стратегия мен жоспарлауды, маркетингті тереңірек түсінуді және қаржыны тиімді басқаруды үйрендім. Бұған дейін бізде кесу және желімдеу станоктары болмағандықтан, басқа цехтарға жүгініп, материалдарды өңдетуге ақы төлейтінбіз. Жоба жеңімпазы атанып, қажетті жабдықтарды алғаннан кейін тапсырыс берушілер саны айтарлықтай өсті. Сонымен қатар өндіріс көлемі мен қаржылық көрсеткіштеріміз екі есеге артты. Қазір ұжымда 5 қызметкер жұмыс істейді. Болашақта қызметкерлер санын көбейтіп, қосымша станоктар сатып алуды жоспарлап отырмын. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, басқа қалалардан да тапсырыс қабылдауға мүмкіндік береді».

«Таңдау» жобасы 2023 жылдан бастау алып, Жылыой ауданындағы шағын және орта бизнесті қолдауға және дамытуға бағытталған. Қатысушылар кәсіпкерлік қызметін бастауға немесе дамытуға қажетті жабдықтарды сатып алу үшін 5 жыл мерзімге пайызсыз қарыз алу мүмкіндігіне ие болады.

Жобаның бірегейлігі – қайтарылған қаражатты жаңа бизнес-бастамаларға қайта инвестициялау арқылы тұрақты қолдау жүйесін қалыптастыруға бағытталғанында. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік саласының ұзақ мерзімді дамуына серпін береді. Жоба жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қауымдастықтың дамуына оң ықпал етуге бағытталған. «Таңдау» жобасы қауымдастықты дамытудағы маңызды құралға айналып, Жылыой ауданы тұрғындарының өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Другие новости

Back to top button