Бизнес

«Касперский Зертханасы» Қазақстандағы шағын және орта бизнеске бэкдорлар арқылы жасалатын кибершабуылдардың артқанын ескертеді

Касперский Зертханасы деректеріне* сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айында Қазақстандағы шағын және орта бизнеске (ШОБ) қарсы бэкдорларды пайдалана отырып жасалған шабуылдар саны 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102%-ға артқан. Бэкдорлар — бұл зиянды бағдарламалар, олар киберқылмыскерлерге зақымдалған корпоративтік құрылғыларды қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.

Бұл қауіптің тұрақты өсуі өткен жылы да байқалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ШОБ-қа қарсы бэкдорларды қолдану арқылы жасалған шабуылдар саны 2024 жылмен салыстырғанда 35%-ға көбейген. Зиянкестер бұл зиянды бағдарламаларды белсенді қолданады, себебі олар бұзылған жүйелерде байқалмай ұзақ уақыт бойы әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бэкдорлардан бөлек, компаниялар басқа да зиянды бағдарламалармен бетпе-бет келуде. Мәселен, 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда пайдаланушылардың деректерін ұрлауға арналған банктік трояндарды қолдану арқылы жасалған шабуылдар саны шамамен 80%-ға артқан. Ал бағдарламалық қамтамасыз етудегі осалдықтарды пайдаланатын эксплойттар 44%-ға көбейген. 2026 жылдың басында бұл зиянды бағдарламаларды қолдану қарқыны мұншалықты жоғары болмағанымен, олар бизнес үшін әлі де елеулі қауіп төндіруде.

«Қазақстандағы шағын және орта компаниялар кибершабуылдарға жиі ұшырай бастады — кең таралған пікірге қарамастан, киберқылмыскерлер тек ірі бизнеске ғана қызығушылық танытады деген түсінік дұрыс емес. Шағын ұйымдар әлдеқайда осал келеді, себебі оларда ірі корпорациялардағыдай қуатты ресурстар мен жүйелі түрде құрылған қауіпсіздік инфрақұрылымы жоқ. Қауіп-қатерді азайту үшін, ең алдымен, компания ішінде киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту қажет: қызметкерлерді цифрлық сауаттылық негіздеріне оқыту, тек ресми бағдарламаларды пайдалану және бағдарламалық қамтамасыз етуді үнемі жаңартып отыру маңызды. Сонымен қатар, қызметкерлердің қол жеткізу құқықтарын шектеу және толық артықшылықтары бар есептік жазбаларды тек аса қажет болған жағдайда ғана беру керек. Ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін базалық немесе кеңейтілген EDR технологиялары бар сенімді техникалық шешімдерді қолдану да маңызды», — деп түсіндірді Валерий Зубанов, Касперский Зертханасы компаниясының Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры.

  • Касперский Зертханасы шешімдерінің құпияландырылған статистикалық деректері.

Другие новости

Back to top button