
Алматыда Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың кәсіпкер әйелдерін, AWE бағдарламасының түлектерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерін біріктірген Орталық Азиядағы Әйелдер кәсіпкерлігі академиясының (AWE) халықаралық саммиті өтті.
Әйелдер кәсіпкерлігі академиясы – бұл АҚШ Мемлекеттік департаментінің бастамасымен қолға алынған жаһандық жоба, қазіргі таңда ол әлемнің 100-ден астам елінде 25 000-нан астам қатысушыны қамтып отыр.
Алматыдағы форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және АҚШ-тан 40-қа жуық түлек-қатысушы жиналды. Саммиттің өткізілуі – экономикалық даму, энергетика және тең мүмкіндіктер салаларында өңір елдері мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған C5+1 дипломатиялық платформасының 10 жылдығына дайындық кезеңімен тұспа-тұс келді.
AWE бағдарламасы 2021 жылдан бері АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық миссиясының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Қазақстанның тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Бастаманың тұрақты серіктестері қатарында – түлектердің оқытуға және олардың бизнес-жобаларын дамытуға қолдау көрсететін «Шеврон» және «Кока-Кола» бар.
«Шеврон Еуразия» компаниясының аға құқықтық кеңесшісі Әлия Қарымсақованың айтуынша: «Кәсіпкер әйелдерді қолдау – бұл тұрақты болашаққа салынған инвестиция. Әйелдер өсуге мүмкіндік алған кезде, тек олардың отбасы ғана емес, бүкіл қоғам ұтады. Төрт жыл бойы біз Academy for Women Entrepreneurs білім беру бағдарламасын қолдап келеміз, соның арқасында көптеген әйелдер өз ісін бастап, жаңа жұмыс орындарын құрып, дағдыларын шыңдады. Алматыдағы бағдарлама қатысушыларының саммиті өңірдегі кәсіпкер әйелдердің тәжірибе алмасуы, шабыттануы және дамуы үшін маңызды алаңға айналды, біз осы жолдың бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз».
Coca-Cola компаниясының Орталық Азия және Кавказ өңіріндегі үкіметпен байланыс, коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі аға директоры Александра Аккирман іс-шараға қатысты пікір білдіре отырып, былай деп мәлімдеді: «Біздің өңірдегі әйелдер бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуға ерлермен тең дәрежеде қатысады, бірақ көбіне қолдаушы орта мен қаржыландыруға қол жеткізу сияқты мүмкіндіктерге ие бола бермейді. Сондықтан Coca-Cola компаниясы Қазақстандағы AWE және Belesteri, Өзбекстандағы Coozin сияқты жобаларға ұзақ уақыттан бері демеушілік етіп келеді. Бұл жобалар әйелдерге тегін білім алуға, гранттар ұтып алуға, жеке бизнесін дамытуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл жобалар жаңа шағын кәсіпорындар мен жұмыс орындарын құру арқылы елдердің экономикасына елеулі үлес қосуда».
Саммит бағдарламасы ресми ашылуды, панельдік пікірталастарды, интерактивті сессияларды және халықаралық сарапшылардың мастер-класстарын қамтыды. Іс-шара барысында қатысушылар жетістіктерінің хикаясымен бөлісіп, АҚШ пен Орталық Азия сарапшыларымен практикалық білім алмасты. Оқыту сессиялары аясында кәсіпкер әйелдердің алдында тұрған сын-қатерлер, әлеуметтік мәселелерді шешудің инновациялық тәсілдері және инвестицияларға қол жеткізуді кеңейту жолдары талқыланды.
Орталық Азиядағы AWE халықаралық саммитінің өткізілуі Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болды. Форум үкіметтің, бизнестің және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру өңірдегі көшбасшы әйелдер мен кәсіпкерлер үшін нақты мүмкіндіктер жасай алатынын көрсетті.



