Депутаттар үкімет жұмысына баға берді: сын көп, сенім аз

Мәжіліс кулуарында депутаттар премьер-министр мен үкіметтің жұмысына қатысты пікір білдірді. Көпшілігі атқарушы биліктің қызметіне көңілі толмайтынын ашық айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
— Мен жалпы үкіметтің жұмысына көңілім толмайды. Өзін тым сенімді ұстайды, бірақ сарапшылардың кеңесіне құлақ аспайды. Судың жетіспеушілігі, жолдардың сапасы, экология – шешілмеген проблемалар жетерлік, – деді ол.
Үкімет басшысының партияласы Ринат Зайытов та әріптесін қолдады:
— Мүмкін ол жақсы маман шығар, бірақ басшы ретінде қолға алатын дүниелері көп. Бір жылдың ішінде сұрақ қойылмаған министрлік қалмады, – деді депутат.
Бақытжан Базарбек нақты бағаны қазанда беретінін айтты.
— Бюджеттің орындалуы бойынша есепті күтемін. Егер мардымды жауап болмаса, мәселені президенттің алдына шығарамыз, – деді ол.
Ал Абзал Құспан үкіметке мүлдем көңілі толмайтынын жасырмады.
— Халықтың жағдайы жақсармайынша, біз ешбір үкіметке оң баға бере алмаймыз. Қазірдің өзінде бюджеттегі проблемалар, тоқтап қалған бағдарламалар, әлеуметтік қысқартуларды көріп отырмыз, – деді ол.
Ермұрат Бапи де бюджет тапшылығын алға тартып, үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Ал Еділ Жаңбыршин премьер-министрге әлі уақыт беру керек екенін жеткізді.
— Мемлекетте 1–2 жылда түбегейлі өзгерістер жасау қиын. Дегенмен, жүйеде біраз жұмыс көрініп жатыр, бірақ жетіспеушіліктер бар, оны айту керек, – деді ол.
КОНТЕКСТ
2024 жылдың 6 ақпанында Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып тағайындалды. Конституцияға сәйкес, үкімет басшысының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Осыған байланысты, Бектеновтің қазіргі мерзімі 2029 жылдың ақпанында аяқталады. Алайда, оның жұмысына көпшіліктің көңілі толмаса, отставкаға кетуі әбден мүмкін.