Ош қаласында Еуразия Ұлттық университетінің филиалы ашылады – Тоқаев

Қырғыз елінде ресми сапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда хабарлағандай, келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға баса мән берілген. Брифингте сөз сөйлеген Тоқаев Ош қаласында Еуразия Ұлттық университетінің филиалы ашылайын деп жатыр деген ақпарат берді.
«Былтыр Қырғызстан Президентінің Қазақстанға сапары аясында екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ош қаласындағы филиалы ашылуда», — деп мәлім еткен Тоқаев.
Бұдан бөлек, Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Қазақстан үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр.
«Келесі жылдан бастап грант санын 60-қа дейін көбейтеміз деп шештік. Кешеден бері Бішкекте Қазақстанның кино күндері, Үшінші жастар форумы өтіп жатыр. Мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын нығайта түседі. Кездесу барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. Келесі жылы Қырғыз елінде 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дүбірлі доданың табысты өтуіне тілектеспіз, біздің жақтан қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.