Выбор редакции

«Қашан тұрмысқа шығасың?»: Қазақстандағы қыз-жігіттер қысымнан шаршап, жалған некеге бел буып жатыр

Соңғы кезде «Threads» әлеуметік желісінде қыз-жігіттер өздеріне жар болатын адам іздейтін жарнамалар көбейіп келеді. Соның ішінде, ата-анасы мен туыстарының «қашан үйленесің?» немесе «қашан тұрмысқа шығасың?» деген сөздерінен жалыққан жастар қағаз жүзінде ғана некелесетін адамды көп іздейтін болған, деп жазады Azattyq Rýhy 

Мәселен, Алматыда тұратын 31 жастағы жігіт «болашақ жарына» қоятын талаптарын айтқан, алайда некенің жалған болатынын бірден ескерткен.

«Бойым 180 см. Спортқа бейіммін. Генетикам жақсы, отбасымда тұқым қуалайтын аурулар жоқ. Білімдімін, жұмыс істеймін. Кез келген әңгімеге араласа аламын. Белсенді демалысты жақсы көремін. Эмоционалды тұрғыда ересекпін. Тазалықты жақсы көремін. Бұрын үйленбегенмін, балаларым жоқ. Өз пәтерім бар. Мен жай ғана «үйленді» деп айту үшін некеге тұрғысы келетін қыз іздеймін. «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақтардан шаршаған болуы шарт. Міндетті талап: бала көтеруге дайын болуы керек. Жасы 33-тен аспауы тиіс. Білімді, эмоционалды ересек, жанжалға бейім емес қыз іздеймін. Өз пәтері болуы міндетті. Бұрын тұрмыс құрмаған, баласы жоқ. Үйлену тойы болмайды. Неке шарты жасалады. Тек құдалық болады. Бұл одақта жақсы дос бола аламыз. Қамқорлығымды аямаймын. Бай емеспін, миллиондап сыйлық күтудің қажеті жоқ. Үй шаруасында көмектесемін. Егер көлігің болса, оның күтіміне де жәрдемдесе аламын. Жеке хабарлама жазыңыздар. Алдын ала айтайын, Оңтүстік пен Батыстан шыққан қыздар қызықтырмайды, себебі өзім Шығыс Қазақстаннанмын. Менталитетіміз әртүрлі», — деп жазған ол.

Бұл ұсыныс біраз адамға жат көрінбеген. Тіпті, кейбірі осындай некенің әлдеқайда тиімді екенін жазған.

«Бұрынғы әріптесім дәл осылай үйленген. Әйелін толық қамтамасыз етеді. Бір-бірінің жеке өміріне араласпайды. Тек ресми шараларда бірге жүреді және екеуінің де ар-намысына нұқсан келтіретін әрекеттер жасалмайды. Қарым-қатынастары тамаша. Мен де дәл солай болғым келеді», — деп жазған кейбір адамдар.

Бұндай ұсыныстардан бөлек, кейбір бойжеткендер ЛГБТ мүшесімен көзбояушылық үшін одақтасатынын да жазған.

«Үйленуге дайын гей жігіт іздеймін. Мынандай талаптарым бар: өзінің үйі бар болу керек; Ұлты маңызды емес (тіпті өзінің ориентациясын жасырып жүрген қазақ болса да); маған тиіспейді және жеке өміріме араласпайды. Біз жақсы дос ретінде бірге тұрамыз. Ол кіммен кездессе де өз еркі. Қарым-қатынасымыз толық еркін болады. Кәдімгі үйленіп жатқан жұптардай құдаласамыз, үйлену тойын жасаймыз, бірге суретке түсеміз. Үйленгеннен кейін ата-анадан бөлек тұрамыз, өйткені, некенің өтірік екенінен ешкім күмәнданбау керек. Айналадағы адамдар үшін біз кәдімгі отбасы сияқты көрінуіміз керек. Ата-анам, туыстарым, достарым менің тұрмысқа шыққаныма, ал сенің үйленгеніңе сенсе болды. Егер осыған дайын адам болса, жай ғана «лайк» басыңыз немесе инстаграмға жазыңыз. Шын айтамын. Мүмкін, өзім де жазармын. Артық сұрақтардан шаршадым. Ең бастысы — еркіндік пен түсіністік», — деп жазған бойжеткен.

Қазақстанда 123 мың неке тіркелсе, қырық мыңнан астам жұп ажырасып кеткен

Ресми деректерге сүйенсек, былтыр АХАЖ органдары 123,6 мың неке тіркесе, 40,5 мың отбасы ажырасқан. 

Еліміздегі орташа статистика бойынша, үйленген жұптардың 35 пайызы шамамен 1-4 жыл бірге тұрады екен. Тағы 25 пайызы үйленгеннен кейін 5-9 жыл аралығында бірге өмір сүрсе, отбасылардың 8 пайызы отбасылы болғаннан кейін бір жыл ішінде ажырасып кетеді екен.

«Жалған некеге тұрғысы келетін жастарға кәсіби психологтің көмегі керек»

Қоғамда үдеп жатқан осы құбылыс — яғни, жалған некенің шын себебі мен салдарын білу үшін психолог Серікгүл Сәлиден пікір алды. Ол да бұл трендтің пайда болуына себеп болған мәселенің бірі «Қашан үйленесің?» деген қысым екенін айтып отыр. Бірақ, терең зерттесе, бұндай қадамға бел буған жастардың жан дүниесінде ішкі қайшылық бар болуы мүмкін дейді ол.

«Әрине, мұндай сұрақтар жеке шекарасына қол сұғу деген сөз. Сондықтан ата-аналарға да, жалпы қоғамға да біреудің жеке өміріне араласудан аулақ болған жөн дер едім. Алайда мәселені тек қана қоғамның қысымымен түсіндіру дұрыс бола бермейді. Көп жағдайда бұл жастардың өздерінің ішкі психологиялық тұрақсыздығына байланысты. Яғни мұндай әрекеттер олардың ата-ананың немесе қоғамның талаптарын орындауынан емес, өз ішіндегі шешілмеген мәселелердің салдарынан туындайды», — дейді маман.

Психологтің айтуынша, кейбір адамдар өзінің шынайы қалауын жасыру үшін қоғамға жасанды бейне көрсетеді.

«Мысалы, бір жынысты қатынасқа бейімділігі бар адам өзін кінәлі сезініп, оны ешкімге білдірмеу үшін «формальді» түрде отбасын құруы мүмкін. Мұндай жағдайда мәселе ата-ананың немесе қоғамның қысымында емес, адамның өзінің қабылдай алмай жүрген ішкі қайшылығында жатыр. Сондықтан мұндай қиындыққа тап болған жастарға ең алдымен кәсіби психолог мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Өйткені бұл жағдайдың түпкі себебі – адамның ішкі жан дүниесінің тұрақсыздығы», — деген ойын айтты Серікгүл Сәли.

Оның пайымынша, бұл құбылыс отбасы институтына ауыр соққы болып тиеді.

«Мұндай жағдайлар негізі ойланарлық мәселе. Дегенмен, мұндай қадамға барған адамдардың көбі ересек, жасы 23–25-тен асқан, өз алдында да, қоғам алдында да жауапкершілігі бар тұлғалар. Бірақ, өкінішке қарай, олар сол жауапкершіліктен жалтару үшін «жасанды маскамен» өмір сүріп жатыр», — деп түйіндеді сөзін ол.

Другие новости

Back to top button