МӘМС туралы жиі қойылатын сұрақтар

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмек алу мәселесі бойынша жиі қойылатын сұрақтардың жаңа топтамасын дайындады. Олардың басым бөлігі сақтандыру мәртебесіне қатысты.
Елімізде МӘМС жүйесі 2020 жылдан бастап енгізілді және амбулаториялық көмектен бастап, күрделі хирургиялық операцияларға дейінгі кең ауқымды медициналық қызметтерді қамтиды. Дегенмен, қазақстандықтардың көпшілігі сақтандырылғанына қарамастан, мәртебе мен медициналық көмек алу мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтар әлі де туындайды.
– «Әрбір азамат МӘМС жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсініп, өз құқықтарын пайдалана білуі маңызды. Біз халықты мазалайтын және жиі қойылатын сұрақтарды жинап, оларға нақты әрі түсінікті жауаптар беруге тырыстық», – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.
- Мен жақында ресми жұмысқа орналастым. Енді МӘМС қашаннан бастап күшіне енеді?
Сақтандырылған мәртебесі қатарынан 12 ай (өткен немесе алдағы) үшін тұрақты төлем жасалған жағдайда беріледі. Егер сіз бұған дейін ресми жұмыс істемесеңіз, жұмыссыз ретінде жеңілдік санатына кірмесеңіз және төлемді жеке төлеуші ретінде жасамаған болсаңыз, онда жұмысқа орналасқан күннен бастап бір жыл өткен соң сақтандыру мәртебесі беріледі. Егер осы кезеңге дейін МӘМС бойынша медициналық көмек қажет болса, онда өткен 12 ай үшін төлем жасап, сақтандыру мәртебесін алуға болады.
- Жақында несие алмақ болып едім, жұмыс берушім мен үшін төлем жасамайтынын білдім. Алайда жалақымнан жарна ұстап жүр екен. Бұл маған қалай әсер етеді және не істеуім керек?
Егер сіз ресми түрде жұмыс істеп жүріп, жалақыдан жарна ұсталғанымен, жұмыс беруші Қорға төлем жасамаса, сіздің атыңыздан МӘМС жүйесінде қарыз жиналады. Соның салдарынан сіздің сақтандырылған мәртебеңіз жойылып, сақтандыру пакетіндегі қызметтер – салалық дәрігерлердің кеңесі, диагностикалық тексерулер, жоспарлы операциялар және т.б. – ала алмайсыз. Бұл жағдайда өз ұйымыңыздың бухгалтериясына жүгініп, төлемдердің неге жасалмағанын анықтауыңыз қажет. Мүмкін төлем дұрыс жүргізілмеген шығар немесе техникалық қате кеткен болар. Егер бұл жұмыс берушінің жауапсыздығынан болса, онда сіз мемлекеттік кірістер органдарына немесе еңбек инспекциясына шағым түсіріп, өз құқықтарыңызды қорғай аласыз.
- Мен шетелде жүріп, бірнеше ай елде болмадым. Енді МӘМС бойынша емделуім керек. Мәртебемді қалай қалпына келтірсем болады?
Егер сіз бұған дейін тұрақты түрде жарна төлеп, сақтандырылған болсаңыз, онда өткізіп алған кезең үшін қарызды өтесеңіз жеткілікті. Өткен 12 ай үшін төлем болған жағдайда мәртебе қайта беріледі. Өткен бір жылдағы төлемдердің бар-жоғын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтынан (https://msqory.kz/ru/), Qoldau 24/7 мобильді қосымшасынан немесе Telegram желісіндегі Saqtandyry-bot арқылы тексеруге болады.
- Мен басқа қаладан көшіп келдім. Жаңа мекен—жай бойынша емханаға қалай тіркелемін?
Емханаға тіркелу электрондық үкімет порталы арқылы (https://egov.kz/cms/ru/services/child/494pass_mz) тиісті мемлекеттік қызмет шеңберінде жүзеге асырылады. Алдымен өзіңіздің тұратын аумағыңыз қай емханаға қарайтынын анықтау қажет. Мұны аймақтық анықтама қызметі арқылы білуге болады (мысалы, Астанада – 109 нөмірі). Содан кейін порталда авторизациядан өтіп, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз. Ашылған терезеде өтінімді толтырып, оған ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет. Жеке кабинетте (қызметтер алу тарихы бөлімінде) өтініміңіздің қаралуы жөнінде хабарламамен танысуға болады. Қызмет көрсету мерзімі өтіп кетсе, сіз тіркелуге сұраныс жіберген медициналық ұйымға тікелей жүгіне аласыз.
Тіркеуден бас тартпас үшін алдын ала емханада бос орындардың бар-жоғын нақтылап алған жөн.
- Мен жүкті әйелмін, жеке гинекологқа қаралып жүрмін. Скринингтерді МӘМС арқылы тегін өте аламын ба?
Иә, скринингтік тексерулер, соның ішінде пренаталдық скрининг те МӘМС пакетіне кіреді. Сондай-ақ жүкті әйелге зертханалық талдаулар, құралдық диагностика, бейінді мамандардың кеңесі де қолжетімді. Медициналық бақылаудан дер кезінде өту үшін тіркелген емханаңызда жүктілік бойынша есепке (12 аптаға дейін) тұру қажет.