Мангистауская область

Бейнеу теміржолшылары үкіметтен жылдар бойғы мәселелерді шешуді талап етті

Бейнеу депосының ТД-2 локомотив бригадасы жұмысқа кедергі келтіріп отырған цех мәселелеріне назар аударуды сұрап, Қазақстан билігіне бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘСЕЛЕ НЕДЕН ШЫҚТЫ

Мәселе жөндеушілер үшін жұмыс пен демалысқа қажетті тұрмыстық жағдайлардың сақталуына байланысты туындаған. Теміржолшылардың айтуынша, соңғы уақытта қызметкерлерді тасымалдау бойынша қиындықтар туындап отыр.

— Локомотив бригадасын жеткізумен айналысатын жүргізушілердің жұмысы бізді қанағаттандырмайды. Олар тендер арқылы жалданған мердігерлер және олардың қызмет сапасы өте төмен. Бар болғаны күніне 1–2 сағат қана жұмыс істейді, соңғы уақытта мүлде келмей кетті. Біз енді өз бетімізбен жетуге мәжбүрміз, – делінген үндеуде.

Сонымен қатар, жұмысшыларға бүгінгі күнге дейін мақта матадан тігілген жазғы қызметтік форма берілмеген.

— “Жанарыс” тігін фабрикасы бізге алдын ала белгіленген өлшемге сай форманы берсін деп талап етеміз, – деді депо қызметкерлері.

Үндеу авторлары демалыс орнының жағдайы өте нашар екенін де атап өтті: қабырғалар жарылып жатыр, төсек жаймалары тозған, кондиционерлер істемейді. Тұрмыстық жағдайдың жоқтығы тиісті демалуға мүмкіндік бермей, бұл бригада мүшелерінің жұмыс кезіндегі жай-күйіне әсер етуде.

Олардың айтуынша, бұл мәселелер туралы басшылыққа бір жылдан астам уақыт бұрын хабарланған, бірақ әлі күнге дейін ештеңе шешілмеген.

— Егер бұл мәселелер жақын арада шешілмесе, біз жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз. Шұғыл шара қабылдауды сұраймыз, – деп түйіндеді депо қызметкерлері.

ҚТЖ ЖАУАБЫ

ҚТЖ Бейнеу депосы қызметкерлерінің бейнеүндеуіне қатысты пікір білдірді. Бейнеу станциясы депосы қызметкерлерінің бейнеүндеуінен кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тексеру жүргізіп, көтерілген барлық мәселе бойынша жедел шаралар қабылдағанын мәлімдеді.

1. Локомотив бригадаларын тасымалдау
Компания бұған дейін жұмыс істеген көлік қызметін жеткізушіні жауапсыз мердігер ретінде танып, онымен жасалған шартты бұзды. 14 шілдеден бастап қызметкерлерді тасымалдау КТЖ-ның өз күшімен жүзеге асып жатыр, жаңа мердігер таңдалғанға дейін.

2. Локомотив бригадасына арналған демалыс үйлерін жөндеу
2025 жылы 30 демалыс үйінің 16-сы жөнделді, оның ішінде Бейнеу станциясындағы демалыс үйі де бар. Бұған қоса, Тассай станциясындағы екінші демалыс үйіне күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды, жөндеу жұмыстары 15 қазанға дейін аяқталады деп жоспарланған.

3. Арнайы киіммен қамтамасыз ету
Жазғы мақта-мата арнайы киімімен қамтамасыз ету деңгейі – 147%. 2025 жылғы 15 сәуірде 1023 жиынтық толықтай қоймаларға жеткізілген. Қызметкерлер бұрынғы киімнен бас тартқаннан кейін, жаңа стандарт бекітіліп, ол жұмысшылармен келісілген. «Жанарыс» ЖШС-мен шарт жасалды, жеткізу 2025 жылғы 1 тамызға дейін күтілуде.

4. Басшылыққа қатысты шара
Ішкі тексеріс нәтижесінде айналым депосының басшысы қызметінен төмендетіліп, басқа лауазымға ауыстырылды.

Компания мәліметінше, қазіргі жағдай ҚТЖ бақылауында.

— Пойыздар қозғалысы қалыпты режимде жүргізілуде. Компания жұмыс жағдайын жақсартуға бағытталған жұмысты жалғастырады. ҚТЖ барлық мәселелерді заң аясында шешуге шақырады, себебі теміржол стратегиялық маңызы бар сала, оның үздіксіз жұмыс істеуі ел экономикасына, көлік қауіпсіздігіне және өңірлердің тұрақты қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етеді. Белгіленген тәртіпке қайшы кез келген әрекет пойыз қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін, дейді компания өкілдері.

Другие новости

Back to top button