Жамбылская область

«Айлық уақытылы берілмейді»: Жамбыл облысында коммуналдық қызметкерлер әкімдікке ереуілге шығамыз деп сес көрсетті

Жамбыл облысында Коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлері еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны уақытылы төлеуді талап етіп отыр. Әкімдік талапты орындамаса, жаппай жұмыстан кетіп, мыңдаған тұрғыны бар аудан сусыз қалады деп ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Ауысым аяқталғаннан кейін барлық операторлар шөп шабады. Бұл бітпейтін сенбілік болды. Біз қара жұмысшы болдық. Бұған дейін ауысымнан кейін үш күн демалатын едік, енді тек екі күн ғана демаламыз. Киетін арнайы форма да берілмейді. Жалақыны кешіктіріп береді, кейде екі апта күтеміз. Бізде де несие бар, оның уақыты өтіп жатыр. Бұл не жағдай”, – дейді “Жуалы-су” ЖШС-нің операторы Қажымғали Сұлташев.

Бүгін жұмысшылар аудан әкіміне барды. Алайда әкім орнында болмады. Жұмысшылардың арыз-шағымын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, соңғы кезде жұмыс көлемінің күрт артқан. Демалыс күндері оларды арық тазалап, скверлердегі шөп шабуға мәжбүрлейтін көрінеді. Алайда еңбекақы сол күйі өспеген. Керісінше, еңбек демалысы секілді тиесілі төлемдерді кешіктіріп алады. Шенеуніктердің айтуынша, 100 адам еңбек ететін бұл мекеме жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Бірақ бюджетке салықтар уақытылы түспегендіктен, жалақыны да кешіктіріп аударуға мәжбүр. Билік өкілдері мәселені шешуге уәде берді. Алайда жиналғандар ештеңе өзгермесе, ұжым түгелдей жұмысқа шықпайтынын мәлімдеді.

“Соңғы екі жылда айлықты бірнеше рет кешіктірді. Иә, ондай сәттер болып тұрады. «Жуалы-су» мекемесінің жылдық бюджеті 280–300 миллион теңгеге тең. Ал биыл, өздеріңіз білесіздер, қаржыландыру тұрғысынан өте күрделі жыл болып тұр”, – дейді Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы Қайрат Жатқанбаев.

Другие новости

Back to top button