Біреу сөйлейді, біреу төлейді: азық-түлік бағасына қатысты шындықтың арасы неге алшақтап кетті

Қазақстандықтарды тағы бір «қорқынышты жаңалық» дүрліктірді. Желіде шілденің басынан бастап кейбір азық-түлік тауарлары бірнеше есе қымбаттайды деген ақпарат тарады. Оған үкіметтің бағаның ең төменгі деңгейін көтеруі себеп болды. Бұл ретте көрсетілген сандар расымен де алаңдатарлық: ұн 44,6 пайызға, ал күнбағыс майы бірден 61,2 пайызға қымбаттайды деп көрсетілген. Сауда және интеграция министрлігі қоғамдық сын-пікірлердің өршуін азайтуға тырысып, түсініктеме берді. Министрлік мәліметінше, бұл минималды бағалар дүкендер үшін емес, салық мақсатында белгіленген. Өйткені кейбір импорттаушылар тауарлардың нақты құнын тым төмен көрсетіп, соның салдарынан мемлекет бюджеті салықтан айырылады. Ведомство бұл қадам қарапайым халықтың қалтасына әсер етпейді деп сендіріп отыр. Алайда халықтың бұған сенбейтін жөні бар. Елде үкіметтің ішкі экономикалық саясатына деген сенімсіздік жылдан-жылға күшейіп келеді. Ulysmedia.kz редакциясы не себепті халық мемлекеттік шешімдерге күмәнмен қарайтынын саралап көрді.
ЖАМАН ЫРЫМ
Қазақстанда “халық арасындағы ырым” әлдеқашан қалыптасқан: егер министрлер кабинетінде «бағаны ұстап тұру туралы нақты тапсырмалар» берілсе демек, белді бекем буып, тағы қалай үнемдеуге болатынын ойлайтын уақыт келген. Ел үкіметке сенбейді, өйткені уәделер тым жиі айтылады, бірақ соңы… жаңа уәделер мен «қажетті шаралар қолға алынды» деген мәлімдемелермен аяқталады.
Бір қарағанда, расында да қандай да бір әрекет жасалып жатқандай: апта сайын жәрмеңкелер өткізіледі, әкімдіктер баға мониторингін жүргізіп жатқандарын баяндайды, ірі сауда желілерімен меморандумдар жасалады. Тіпті кейде дүкен иелеріне «тым жоғары үстемақы қойғаны үшін» айыппұл салынғаны туралы жаңалықтар да көзге шалынады.
Алайда халық үкіметтің есептеріне емес, өз қалтасына қарап шешім шығарады, азық-түлік себеті өзгермегенімен, оған кететін ақша барған сайын көбейіп барады. Ресми статистика неғұрлым нақты болған сайын, соны жариялау тәсілі соғұрлым сенімсіз көрінеді. Үкімет Ұлттық банктің «инфляция қарқыны баяулады» деген деректерін алға тартады. Бірақ бұл алдыңғы аймен салыстырғанда тек бірнеше ондық пайызға ғана төмендеген көрсеткіш. Оның өзі жүздеген тауар мен қызмет түрінің орташа мәні, ал олардың көбісін халық ай сайын тұтына бермейді.
Халықтың үкіметке және ресми статистикаға қаншалықты сенетінін жақында Ұлттық банк жүргізген сауалнама айқын көрсетіп берді. Респонденттердің шамамен 70 пайызы өз пікірін дүкендегі жеке тәжірибесіне сүйеніп білдірген.
Сауалнамаға қатысқандардың 79,1%-ы 2025 жылдың мамырында азық-түлік бағасы ең қатты қымбаттады деп есептейді.
52% азаматтың пікірінше, соңғы 12 айда бағалар бұрынғыдан да тез өскен.
72%-ға жуығы алдағы уақытта да бағаның өсуі жалғасады деп күтіп отыр, әсіресе азық-түлікке байланысты.
Ал үкіметтің қабылдаған шараларының тиімділігіне үлкен сұрақ белгісін қоюға мәжбүрлейтін дерек – сауалнамаға қатысқандардың 65%-ы мүлде жинаған қаражаты жоқ екенін айтқан. Ал қандай да бір жинағы бар 73% адам сәуір айында ештеңе үнемдей алмаған.
ЕСЕПТЕРДЕГІ АЛАЯҚТЫҚ ПЕН ЖАСАНДЫ ДЕРЕКТЕР
Экономика саласындағы сарапшылар бірнеше жылдан бері үкіметтің басты проблемасы нақты емес, бұрмаланған деректерге сүйеніп жұмыс істеуі екенін айтып келеді. Бұл мәселені шешу үшін алдымен «қағаздағы» жалған есептер мен сандардың жаппай таралғанын мойындап, шындықты боямасыз көрсету керек. Алайда мұндай қадам президенттің тапсырмаларының орындалмай қалуына әкелуі мүмкін. Себебі шынайы жағдай есептегі сандардан әлдеқайда мүшкіл болуы мүмкін.
Мысал ретінде 2024 жылғы ауыл шаруашылығы бойынша жүргізілген пилоттық халық санағын еске түсірсек жеткілікті: сол кезде субсидия бөлініп келген 2 миллионнан астам мал басының мүлде жоқ екені анықталған. Яғни, бұл деректер тек есеп үшін ғана көрсетілгені мәлім болды.
Бағаны маусымаралық кезеңде реттеу үшін құрылған тұрақтандыру қорларындағы жағдай да мәз емес. 2025 жылдың көктемінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген тексеріс бұл саланың да шынайы көрінісін ашып берді. Мәселен, картоп қоры бойынша мынадай мәліметтер тіркелген:
- Маңғыстау облысы: 2 532 тонна деп көрсетілген, нақтысында — небәрі 25 тонна
- Шығыс Қазақстан облысы: 1 662 тонна делінген, шын мәнінде — 35 тонна ғана
- Абай облысы: 2 272 тонна деп есеп берілген, ал нақты бар — 183 тонна.
Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының сарапшысы Баян Абдрахманова бұл туралы былай деп жазады:
– Көп жағдайда есеп пен шындық арасындағы айырмашылық 8–10 есеге дейін жетеді. Бұл қорлардың жүйелі түрде азайтылып көрсетілетінін, жалған сатып алулар мен есепке қосып жазулар бар екенін және бақылаудың мүлде жоқтығын дәлелдейді. Сатып алулар бірізді логистикаға бағынбаған, нақты қажеттілікке сәйкестендірілмеген, әрі онлайн түрде бақыланбаған. Соның салдарынан баға күрт көтерілген сәтте нарыққа араласу мүмкін болмады. Жүйе толықтай істен шықты, ал тұрақтандыру қорлары буфер рөлін атқарудың орнына бос атымен қалды.
Сарапшының сөзін әсіресе қорлардың жалған екенін айтқанда жоққа шығару қиын. Өйткені өңірлік тұрақтандыру қорларынан қаражат жымқыру фактілері бірнеше рет қылмыстық іске ұласқан: 2013, 2014, 2018 және 2021 жылдары осындай даулы істер тіркелген. Ал бүлінген, шіріген көкөністерге қатысты жанжалдар жыл сайын дерлік қайталанып келеді.
Үкіметке деген сенімді төмендететін тағы бір жайт – жұмыс нәтижесі емес, бөлінген бюджеттің қаншалықты «игерілгені» басты көрсеткішке айналуы. Мысалы, ірі сауда желілеріне «әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру» үшін миллиардтаған қаржы бөлінді. Алайда, қарапайым шағын дүкендерде сол әлеуметтік тауарлар ірі желілерге қарағанда арзанырақ сатылады. Олар ешқандай мемлекеттік қолдаусыз-ақ бағаны ұстап тұр.
СТАТИСТИКА – ҒЫЛЫМ, АЛ ӨМІР – ШЫНДЫҚ
Маусым айының соңында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияға арналған жиында Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты баға өсімі туралы есеп берді. Оның айтуынша, өткен аптада әлеуметтік тауарлар бағасының орташа өсу индексі 0,2% болса, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 7,5%-ға жеткен. Картоп пен қырыққабат бағасы керісінше, сәйкесінше 0,6% және 0,8%-ға төмендеген. Ал сәбіз, пияз, тауық пен сиыр етінің бағасы әлі де өсіп жатыр. Сонымен қатар, мол өнімнің арқасында елге көкөніс импорты айтарлықтай азайғаны айтылды. Бағаны тежеу мақсатында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, өндірушілермен меморандумдарға қол қойылып жатыр деген де ақпарат берілді.
Алайда жылдық баға өсіміне қарасақ, бұл шаралардың тиімділігі көңіл көншітпейді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы мамыр мен 2025 жылғы мамыр аралығында Қазақстанда мынадай баға өзгерістері тіркелген:
жоғарғы сортты бидай ұнының наны – 383 тг / 426 тг
бірінші сортты ұн – 399 тг / 412 тг
тұз – 66 тг / 80 тг
І санатты жұмыртқа (ондық) – 505 тг / 517 тг
2,5% сүт (литр) – 397 тг / 417 тг
қаймақ – 1 970 тг / 2 103 тг
ірімшік – 5 055 тг / 5 538 тг
сары май – 4 095 тг / 4 560 тг
сүйекті сиыр еті – 2 676 тг / 3 095 тг
сүйекті қой еті – 2 816 тг / 3 189 тг
картоп – 167 тг / 276 тг
пияз – 116 тг / 204 тг
сәбіз – 195 тг / 219 тг
қияр – 661 тг / 647 тг
қызанақ – 912 тг / 988 тг
Бұл – ресми статистика. Бірақ дүкен мен базардағы шынайы баға мүлде басқаша екенін жұрт күн сайын көріп жүр. Осындай алшақтық болғанда халық үкіметтің мәліметіне қалай сенеді?
Дегенмен, қандай жағдай болмасын, үкімет сырт келбетті сақтап қалуға тырысады. Жиыннан кейін кулуарда вице-премьер Серік Жұманғарин азық-түлік инфляциясының өсімінен қорқатын түк жоқ екенін айтып, мемлекетте әлеуметтік бюджет мықты екенін, мұқтаж жандар көмексіз қалмайтынын жеткізген. Алайда ол мұқтаж мәртебесіне әлі енбеген, бірақ соған жақындап қалған адамдар жайлы не істеу керектігін нақтыламады.