«39 320 теңгеден 24 миллион теңгеге дейін»: Қазақстанда балықшыларға жаңа шектеулер мен айыппұлдар енгізілді

Ауыл шаруашылығы министрлігі ең танымал кәсіптік балық түрлерін аулау лимиттерін қысқартты. Ережені бұзғандарға қылмыстық жазаға дейін қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда балық және басқа су жануарларын аулауға жаңа лимиттер күшіне енеді. Бұл талаптар ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы жобасында көрсетілген. Ол НҚА порталында жарияланған.
Комитет мәліметінше, лимиттер ең танымал әрі кәсіптік маңызы бар түрлерге қатысты. Бұлардың қатарында сазан (карп), табан (лещ), көксерке (судак), шортан және басқалары бар. Бұл балықтар тек балықшылар арасында сұранысқа ие емес, экожүйені сақтауда да маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ шектеулер 2015 жылғы министрлік бұйрығымен бекітілген бағалы түрлер тізіміне енген кейбір шаянтәрізділер мен басқа да су жануарларына қатысты болмақ.
Министрлік мәліметінше, лимиттердің орындалуын балық шаруашылығының өңіраралық бассейндік инспекциялары бақылайды. Олар жоспарлы және кенеттен тексерулер жүргізіп, кәсіптік балықшылардың есептерін тексереді, заңбұзушылықтарды тіркейді. Кейбір өңірлерде бұл жұмысқа табиғатты қорғау полициясы мен егерьлер де тартылады. Барлық деректер Балық шаруашылығы комитетіне жіберіледі.
Қазақстанда балық аулау ережелерін, соның ішінде лимиттерді бұзғаны үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған.
Балық шаруашылығы комитетінің балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ілияс Махметов лимит қалай енгізілетінін айтып берді.
«Белгіленген лимиттерден артық аулау әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Әкімшілік құқық бұзушулылық кодексінің 383-бабына сәйкес балық аулау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынады. Кейбір жағдайларда, егер келтірілген залал ірі болса, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Алу мақсатына (кәсіптік, әуесқой немесе спорттық) қарамастан, жауапкершілік бәріне бірдей», – деп ескертті Ілияс Махметов.
Мысалы, тек лимит көлемін асыра аулаған жағдайда:
жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 39 320 теңге.
шағын бизнеске – 30 АЕК (117 960 теңге)
орта бизнеске – 50 АЕК (196 600 теңге)
ірі бизнеске – 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Егер бір жылда қайталанса, айыппұл көлемі ұлғайтылады, азаматтар үшін 20 АЕК-ке (78 640 теңге) дейін, кәсіпкерлер үшін бизнес көлеміне байланысты 150 АЕК-ке (589 800 теңге) дейін. Сонымен қатар заңсыз ауланған барлық балық пен пайдаланылған құралдар тәркіленеді.
«Егер залал ірі деп танылса немесе тыйым салынған тәсілдер қолданылса — мысалы, электр тогы, жарылғыш зат немесе химикаттар — онда бұл іс қылмыстық сипат алады. Мұндай жағдайда 3 мың АЕК-ке (11 796 000 теңге) дейін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бостандықты шектеу не үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Қайталанған жағдайда айыппұл 4 мың АЕК-ке (15 728 000 теңге) дейін, ал бас бостандығынан айыру мерзімі 4 жылға дейін жетуі мүмкін«, – деп нақтылады бас сарапшы.
Ауырлататын жағдайлар қатарына:
• уылдырық шашатын жерлерде аулау,
• қорғалатын табиғи аумақтарда аулау,
• қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану,
• ірі залал келтіру сияқты әрекеттер жатады.
Мұндайда 6 мың АЕК-ке (23 592 000 теңге) дейін айыппұл немесе 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Егер әрекет қайталанса немесе қылмыстық топпен жасалса, жаза 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға, мүлікті тәркілеуге және салада жұмыс істеуге тыйым салуға дейін барады.
Алу лимиттері барлық су айдындарына емес, тек экологиялық тұрғыдан қажетті нақты учаскелерге орнатылады. Бұған Іле, Ертіс, Сырдария секілді ірі өзендермен қатар жекелеген көлдер мен су қоймалары да кіреді. Лимиттерді бекіту кезінде өңірлердің климаты мен географиясы ғана емес, нақты балық популяциясының жағдайы да ескеріледі. Шектеу ең алдымен балық қоры азайып кеткен немесе қалпына келтіруді қажет ететін су айдындарына қойылады.
«Лимиттер кәсіптік балық аулауға да, әуесқой (спорттық) балық аулауға да қатысты. Себебі балық ресурстары мен басқа су жануарларын алу мақсатына қарамастан кешенді түрде реттеледі. Яғни, барлық санаттағы пайдаланушылар белгіленген лимиттерді сақтауға міндетті», – деді Ілияс Махметов.
Жаңа маусымда балықшыларға көбірек аулауға рұқсат етілді, жалпы лимит 2,4 мың тоннаға артты. Былтыр ол 87,5 мың тонна болса, 1 шілдеден бастап 89,9 мың тоннаға жетеді.
Комитет лимиттер жыл сайын ғылыми деректерге сене отырып қайта қаралатынын мәлімдеді. Кейбір өңірлерде балық популяциясы қалпына келіп, су айдындарының жағдайы жақсарған, сондықтан рұқсат шеңберін көбейтуге мүмкіндік туған. Ал балық қоры азайған кейбір су айдындары мен түрлер бойынша, керісінше, көлем қысқартылған.
Балық түрлері мен аймақтар бойынша толық лимиттер тізімі 2024 жылғы 26 маусымдағы №223 бұйрықта көрсетілген. Құжат adilet.zan.kz құқықтық порталында жарияланған. Онда рұқсат етілген аулау көлемдері, мерзімдер мен шектеулер қолданылатын су айдындары көрсетілген.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Қазақстандағы киіктердің саны 3,9 миллионға жетіп, тарихи рекорд орнатқанын жаздық. Бұл 1974 жылғы деңгейден үш есе көп. Киіктердің көбеюі ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіріп жатыр. Фермерлер жүздеген миллион теңге шығынға батқанын мәлімдеді. Әсіресе Батыс Қазақстан облысында жағдай күрделі, мұнда киіктердің саны 2,3 миллионнан асты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Зоология институтының ғылыми қорытындылары мен шетел тәжірибесіне сүйене отырып, киік санын реттеу мақсатында ату шараларын қайта бастайтынын хабарлады. Министрлік бұл шешім азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп пен аграршылардың ұсыныстары негізінде қабылданғанын