Қазақстанның мемлекеттік қарызы 32 трлн теңгеге жетіп қалған

Мәжіліс депутаттары Қазақстанның мемлекеттік борышы өсіп бара жатқанына алаңдап отыр. Алайда Үкімет мемлекеттік қарыз жоғары деңгейде емес, бәрі басқарылады деп сендірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Татьяна Савельеваның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік қарызды басқаруда жүйелі проблемалар байқалады. Он жыл ішінде үкіметтік борыш үш жарым есе өскен. Қарыз мөлшері жалпы ішкі өнімнің 22 пайыз деңгейінде.
«Үкімет алаңдауға негіз жоқ деп санайды. Бірақ ЖАП атап өткендей, мұндай тәсіл шынайы жағдайды бұрмалайды. 2025 жылдан бастап Бюджет кодексінің жаңа ережелері күшіне енді. Құжат мемлекеттің барлық борыш міндететтемесін кешенді басқару үшін қажетті база береді. Сізге сұрақ: Қаржы министрлігі Бюджет кодексінің мемлекеттік қарызды басқару нормаларын жүзеге асыру үшін нақты қандай тетіктер әзірледі? 2025 жылдың есебін қараған кезде Жоғары аудиторлық палата жыл сайын тіркейтін заң бұзушылықтар тағы қайталанбай ма?», — деп сұрады депутат.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттің қарызы жоғары деңгейде емес, басқарылады дейді.
«1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік қарызымыз 31,9 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 21,1 пайызын құрады. Халықаралық институт атап өткендей, біздің мемлекеттік борышымыз жоғары деңгейде емес, басқарылады. Бұған рейтинг агенттіктерінің бағалауы дәлел. Соған қарамастан біз Үкіметте осы мәселені үнемі көтереміз. Жалпы мемлекеттік қарызды азайту үшін бюджет тапшылығын азайтып, салық базасын, яғни бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту керек», — дейді министр.
Қазір Қаржы министрлігі нормативтік-құқықтық акті әзірлеп жатыр екен.
«Шілде айында іске қосамыз. Бюджеттің келесі есебінде біз кім қандай қарыз алғанын, әрбір субьектінің берешегін көрсетеміз», — деді ол.