Госорганы

Халқымыз өзінің бірлігін көрсете білді

Қостанай өңіріндегі тілсіз жауды ауыздықтау жөніндегі Президенттің тиісті сала мамандарына берген нақты тапсырмалары жайында баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы өртті сөндіру жұмыстарын жеке бақылау үшін жұмыс сапарымен барды.

Алдымен Президент Әулиекөл ауданындағы аумақты тікұшақпен аралап шықты. Кейін шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Сол жерде жауапты ведомство басшыларына өртті жедел ауыздықтау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жалпы, зардап шеккен аумақтың басым бөлігінде өрт сөндірілді. Тілсіз жаумен бетпе-бет келген халық қауіпсіз жерге көшірілді. Президент осы азаматтармен кездескенде бүкіл шығындары (мал-мүлкі, үй, жиһазы, т.б.) толық өтелетінін, алдағы 2-3 айда жаңа үйлер салынатынын айтып, көңілі күпті отырған жұртқа басу айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндірушілермен кездесті. Алапат алаумен күрескен сарбаздарға алғысын айтып, оларды наградаларға ұсынып, қаржылай сыйлықақымен марапаттайтынын жеткізді.

Сондай-ақ министр Ильинге өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайын, баспана мәселесін, сапалы кадр дайындау ісін шешу бойынша тапсырмалар берді. Себебі өрт сөндірушілердің үй, жалақы сынды жеке мәселелерінің толық шешілмеуі, Көкшетаудағы өрт сөндірушілерді даярлайтын оқу орнында қарапайым жатақхана жоқтығы бұл салаға сын екенін айтты.

Сапар соңында еріктілермен де жолықты. Сын сәтте шет қалмай, қол ұшын берген азаматтарға «Сіздер нағыз патриотсыздар, сіздерді мақтан тұтамын» деп алғысын айтты.

Қатерлі қауіп келгенде зардап шеккен азаматтарымызға еліміздің әр аймағынан гуманитарлық, қаржылай көмек көрсетіп жатқан халқымыз өзінің бірлігін көрсете білді, — деп жазды баспасөз хатшысы.

Другие новости

Back to top button