Қазақстандық ғалымдар соңғы он жылда 4,6 млрд теңгеге екі препарат қана шығарған

Жоғары аудиторлық палата 2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудиттың қорытындысын жария етті. Тексеріс барысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде өзекті мәселелер мен кемшіліктер анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Медицина ғылымы неге дамымай отыр
ЖАП төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстанның фармацевтика нарығы 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім. 2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмаған.
«Ғылыми зерттеулердің нәтижелігі өте төмен. Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген», – дейді Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов те клиникалық зерттеулердің аздығын сынады.
«Соңғы уақытта «ҚазВактан» басқа ештеңе шыққан жоқ деуге болады. Клиникалық зерттеулер өте аз. Соңғы 10 жылда тек 2 препарат шығарылған, олардың бірі – «Йод және калий йодиді». Бұны әзірлеуге 4,6 млрд теңге жұмсалған, бірақ ол тіпті формулярға да енгізілмеген, яғни қолданылмайды», — дейді депутат.
Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмек саны азайып барады
ЖАП төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, соңғы үш жылда фармацевтика саласына берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақмерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы бес жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өсті.
«Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемі өскеніне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмек ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек саны қысқарып барады», – деді Смайылов.
Жұмыс істеп тұрған отандық 200-ден аса тауар өндірушінің 34-і ғана ұзақ мерзімді шарттар түрінде мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана алды.
Шетелден сатып алған өнімін отандық деп көрсетеді
Оның айтуынша, өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Соның кесірінен тауар өндірушілер талаптарды формалды түрде орындап, заң бұзып жатады.
«Мәселен, 2024 жылы жекеменшік компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Таиландтан сатып алған партиясымен сәйкес келеді. Бұл жағдай шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелін көрсетеді. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда 2 есе жоғары бағамен сатылған. Мұндай схемалар импортты алмастыру саясатының мәнін бұрмалап қана қоймай, мемлекетке тікелей залал келтіреді», – деді ЖАП басшысы.
Тіпті кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланады. Мысалы, компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған.
Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне жүргізген аудитінің есебі қаралып жатыр.