ТШО 99,3% ІЛЕСПЕ ГАЗДЫ УТИЛИЗАЦИЯЛАЙДЫ: ТЕҢІЗДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТИІМДІЛІК

2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Теңіз кен орнында ілеспе мұнай газын утилизациялау деңгейі 99,3%-ға жетті — бұл көрсеткіш Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдік мұнай-газ саласында да ең жоғары деңгейлердің бірі болып табылады.
Экологиялық тұрақтылық — компания стратегиясының ажырамас бөлігі. Үздіксіз мониторинг, есептіліктегі ашықтық пен экологиялық инновацияларды енгізу арқылы ТШО сенімді даму жолын жалғастырып, Қазақстандағы табиғатты ұқыпты пайдалану саласындағы көшбасшылық позициясын сақтап келеді.
2000 жылдан бері ТШО бір тонна мұнай өндіруге шаққанда атмосфераға тарайтын шығарындылар көлемін 71%-ға азайтты. Бұл деректер компанияның озық технологияларды белсенді түрде қолданып, жабдықтарды жаңғыртуға инвестиция салу арқылы көміртегі ізін азайтып отырғанын дәлелдейді.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыс та айрықша маңызға ие. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында суды қайта пайдалану деңгейі 50%-ды құрады. Компанияда сарқынды суларды өңдеу және оларды өндірістік қажеттіліктерге қайталай қолдану тәжірибесі белсенді енгізілуде. Сонымен қатар, суды қайта пайдалану мен үнемдеуге бағытталған шаралардың арқасында Теңіз кен орнының ауқымды өндірістік қуатына қарамастан, Батыс Қазақстанның магистральды су құбырынан алынатын су көлемі небәрі 5%-ды құрайды.
Жылдың алғашқы тоқсанының соңында қайта өңделген өндірістік қалдықтардың үлесі 77%-ға жетті. ТШО 35-тен астам қалдық түрін өңдей отырып, өнеркәсіптік экология мен тұйық циклді экономиканы дамытуда кешенді көзқарастың үлгісін көрсетіп отыр.
«Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы экологиялық жауапкершілігі жоғары оператор ретіндегі ұстанымын нықтай түсуде. Мұндай нәтижеге компания 2000 жылдан бастап 3,2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы салған орнықты даму саясатының арқасында қол жеткізілді. ТШО тек шығарындыларды азайтып қана қоймай, өндіріс кезінде пайда болатын қосалқы өнімдерді де тиімді түрде қайта өңдеп, оларды құнды энергия ресурстарына айналдырып келеді.