Алматыда Smart Plastic Zone жобасының қатысушыларын екінші марапаттау рәсімі өтті

Алматыда пластикпен жауапты жұмыс істеу мәдениетін дамытуға бағытталған бастама — Smart Plastic Zone жобасының қатысушыларын екінші марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жағдайда тағы 13 компания пластикалық қалдықтарды азайтып, экологиялық бағдарланған тәжірибелерді ілгерілетуге қосқан үлестерін растайтын Smart Plastic Zone белгісін алды.
Жоба Coca-Cola компаниясы, GreenUrban қауымдастығы және «GPI-Lab» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылуда. «Smart Plastic Zone» белгілері екі номинация бойынша беріледі: Silver (күміс) — пластикті тұрақты пайдалану бағытында қадамдар жасаған ұйымдар және Gold (алтын) — экологиялық тәжірибелерді белсенді енгізген экологиялық жауапкершілік саласындағы көшбасшылар.
Бірінші марапаттау наурыз айында Астана қаласында өтті, ол кезде Қазақстанның Даму Банкі, «Бәйтерек» ҰБХ, «Заман» элиталық қазақ мектебі» ЖШС, «Мирас» халықаралық мектебі, мейрамханалар, қонақ үйлер және т.б. өз белгілерін алған еді.
Бұл жолы тағы 13 компания үздік белгісін алды, оның ішінде – «Алматы» ӘКК» АҚ, 2 IBIS қонақ үйі, «НАРХОЗ университеті» КЕАҚ, «Қ.Жұбанов ат. Ақтөбе өңірлік университеті» КЕАҚ, Villa Dei Fiori мейрамханасы, кеңселер, қаржы мекемелері, қонақ үйлер, мейрамханалар және т.б. Қатысушылар пластикалық іздерді азайту, балама материалдар мен экологиялық шешімдерді енгізу бойынша нақты қадамдары үшін марапатталды.
Сондай-ақ, жобаға қызығушылық артып, оның географиясы кеңейіп келе жатқанын атап өткіміз келеді. Алматы, Астана және Қарағанды сынды пилоттық қалалардан өзге Петропавл мен Ақтөбе де белсенділік танытуда. Көптеген компаниялар верификациялаудан өтіп, қатысуға өтініш берді және тиісті сәйкестік белгілерін алды.
GreenUrban қауымдастығы кеңесінің төрағасы Юлия Якупбаеваның айтуынша, жобаның мақсаты — бизнесті көтермелеумен қатар тұрақты тәжірибелер нормаға айналатын экожүйені қалыптастыру: «Біз компаниялар тарапынан тұрақты қызығушылық көріп келеміз. Көптеген қатысушылар талаптар шеңберінен шығып, экологиялық жауапты шешімдер енгізуге дайын. Біз осы бағытта аналитика жинап, тәжірибелермен бөлісуді және бизнесті қолдауды жалғастырамыз«.
Іс-шара аясында қатысушыларға екі деңгейдегі — Gold және Silver «Smart Plastic Zone» тақтайшалары және қатысушы сертификаты беріледі. Қатысушылар басқа компаниялардың тәжірибесімен танысады, идея алмасады, байланыстарды нығайтып, болашақ ынтымақтастық үшін пікірлес адамдар табады.
Александра Аккирман, Coca-Cola компаниясының Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы үкіметпен байланыс, коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі директоры: «Бұл жобаны қолдай отырып, біз басқа компаниялармен бірге жауапты мінез-құлық қалыптастырамыз. Мұндай бастамалар пластик пайдалануды азайтудан бастап оны дұрыс сұрыптауға дейінгі нақты нұсқаулар береді. Әр компанияның үлесі шынымен маңызды екеніне сенімдіміз» — деді.
Smart Plastic Zone жобасы пластик пайдаланудың ұтымды тәсілін енгізуге мүдделі барлық компаниялар үшін ашық. Жобаға қатысу тегін. Өтінішті www.GPI.kz, www.GreenUrban.kz және www.smartplasticzone.kz сайттарынан беруге болады.