Бөлек жинаудан бастап стартапқа дейін: студенттер болашаққа бағытталған жасыл шешімдер іздеуде

Соңғы жылдары тұрақтылық пен экология жеке компаниялармен қатар білім беру мекемелері үшін де маңызды бағытқа айналуда. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге өз үлесін қосуға ұмтылып, «жасыл» бастамаларды белсенді енгізуде және орнықты даму жөніндегі бағдарламаларды дамыту үстінде. Біз ҚазҰАЗУ жанындағы Жасыл және тұрақты даму институтының директоры Рафис Абазовпен университеттің экологиялық жобаларды қалай жүзеге асырып жатқаны, студенттер мен оқытушылардың өміріне енгізген өзгерістері және бұл процестегі бизнестің атқаратын рөлі туралы әңгімелескен едік.
Неліктен университеттеріңіз үшін тұрақтылық пен экология тақырыбы маңызды әрі басым болып отыр?
Біздің университет тарихи тұрғыдан алғанда Қазақстандағы тұрақты даму саласындағы аграрлық саясат пен ғылыми тәсілдерді қалыптастыруда маңызды орын алады. Экология мәселелерін, тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) және жасыл экономиканы енгізу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеу — ЖОО-ның білім беру, зерттеу және қоғамдық қызметіне терең интеграцияланған стратегиялық басымдықтардың бірі. Білім беру саласындағы мақсатымыз – Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) үшін халықаралық деңгейдегі мамандар даярлау. Сондықтан біз студенттерімізде экологиялық жауапкершілік пен қоршаған ортаға, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, климат өзгеруімен күресу құралдарын зерттеуге міндеттіміз.
Әйгілі жазушы Джон Рональд Руэль Толкин айтқандай: «Жасыл әлемді салу қиын емес, бірақ әлемді жасыл ету аса қиын!» Университет жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) шеңберінде орнықты шешімдер қабылдап, «жасыл» технологияларды ілгерілетуге және аграрлық өндірістің барлық деңгейлерінде экологиялық қауіпсіз тәжірибелер енгізуге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді өз миссиясы деп біледі. Тұрақты даму стратегиясы аясында біз «Жасыл кампус» бастамасын іске асырудамыз, энергияны үнемдеу, қоқысты бөлек жинау, көгалдандыру және экологиялық білім беру бағдарламаларын дамытамыз.
Университет нақты қандай экологиялық бастамаларды тұрақты негізде жүзеге асырып отыр?
«Жасыл кампус» тұжырымдамасы аясында «Жасыл кеңсе», «Жасыл апта», «Пластиксіз дүйсенбі» және т.б. экологиялық бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылады. Тұрақты бастамалардың ішінде мына негізгі бағыттарды бөліп көрсетуге болады: қалдықтарды басқару, аумақты көгалдандыру, экологиялық білім беру, су ресурстарын басқару жобаларын әзірлеу және ұлттық, халықаралық жобаларға қатысу. Қазіргі кездегі негізгі жобалардың бірі — «3.2.1.Старт!».
Университетте қалдықтарды бөлек жинау бағдарламасы бар: қағаз бен пластикке арнайы контейнерлер орнатылған. Пластикалық бөтелкелер мен батареяларды жинау бойынша экологиялық акциялар үнемі өткізіліп тұрады. Бұл бастамалар қоршаған ортаға теріс әсерді азайтумен бірге студенттер мен қызметкерлерде жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастырады.
Аумақты көгалдандыруға көп көңіл бөлінеді. Студенттер мен оқытушылар кампуста және оған жақын аудандарда ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызады. Мысалы, еріктілеріміз шетелдік студенттермен бірге жақында Іле-Алатау ұлттық саябағында Сиверс жабайы алма ағаштарын отырғызды. Сондай-ақ, экологиялық менеджмент және тұрақты даму бойынша шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізіледі.
Университет жергілікті билік органдарымен және халықаралық ұйымдармен экологиялық білім беру мәселелері бойынша белсенді ынтымақтастық орнатқан. Тұрақты даму және экологиялық қауіпсіздік курстары оқу жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, еріктілердің көптеген жобалары мен науқандарының бастамашысы болып табылатын студенттердің экологиялық клубы тұрақты негізде жұмыс істеп келеді.
Инфрақұрылымдық шешімдерден бастап әр студенттің жасыл бастамаларға қатысуына дейінгі экологиялық жауапкершілік университеттің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуда.
«3.2.1.Старт!» жобасына қатысу не берді?
«3.2.1.Старт!»-қа қатысу экологиялық бастамаларды жандандырып, студенттердің тұрақты дамуға қатысуын кеңейту үшін маңызды серпін болды. Бұл — пластикалық қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін тереңдету мүмкіндігімен қатар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру алаңы. Менің ойымша, ең бастысы – студенттерді экологиялық бастамаларға тарту. Өйткені, егер олар планетаны құтқара алса, онда олар өз дипломдарын да уақтылы тапсыра алады!
Бастама аясында кампуста пластикалық бөтелкелер жинаудың жаңа пункттері құрылды, пластиктің зияны және оны қайта өңдеу қажеттілігі туралы тұрақты ақпараттық науқандар мен дәрістер ұйымдастырылды. Студенттердің өздері осы іс-шаралардың ұйымдастырушылары мен еріктілері болғаны өте маңызды, бұл олардың көшбасшылық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жоба университетке қалдықтарды басқару және тұрақты тұтыну тақырыптарын білім беру процесіне енгізуге, сондай-ақ экологиялық ҮЕҰ, жеке сектор және мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, экология және қайта өңдеу сарапшыларының қатысуымен шеберлік сыныптары мен ашық дәрістер өткізілді.
Осындай жобалардың жастардың жауапты тұтыну дағдыларын қалыптастырып, ресурстарға ұқыпты қарауға қосатын үлесін қалай бағалайсыз?
Тұрақты дамуға бағытталған «3.2.1.Старт!» және «Жасыл кампус» жобалары жастарды жауапкершілікпен тұтыну мәдениеті мен экологиялық бағдарланған өмір салтына тәрбиелеуде шешуші рөл атқарады. Студенттер үшін мұндай бастамаларға қатысу білім беру үдерісімен қатар қоршаған ортаны қорғауға жеке үлесін енгізу мүмкіндігіне айналады.
Сіздің ойыңызша, тұрақты даму мен жоғары оқу орындарындағы экологиялық жобаларды қолдау мәселелерінде бизнес қандай рөл атқаруы тиіс?
Біріншіден, компаниялар көміртегі ізін азайтып, жасыл технологияларды енгізуге және экологиялық білім беруді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларға инвестиция салу арқылы университеттердің стратегиялық серіктестері бола алады. Екіншіден, бизнес практикалық кейстер мен сараптама ұсына алады. Компания өкілдерінің білім беру іс-шаралары мен тренингтерге қатысуы студенттерге тұрақтылықтың нақты сын-қатерлерін түсінуге және алған білімдерін болашақта қолдануға көмектеседі. Бұл тәсіл «ғылым – бизнес – қоғам» байланысын нығайтады.
Сондай-ақ, экологияға қызығушылық танытқан студенттерге тағылымдамалар мен жұмыс орындарын ұсынудағы бизнестің рөлін атап өту маңызды. Бұл ой-өрісі тұрақты мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді, себебі БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун айтқандай: «Бізде Б жоспары жоқ, өйткені бізде Б планетасы жоқ!»
Сонымен қатар, компаниялар — мысалы, «3.2.1.Старт!» жобасы аясында — біздің экологиялық іс-шараларымызға, байқауларымызға, хакатондарымыз бен волонтерлік бағдарламаларымызға демеушілік жасап, қоршаған орта мәселелеріне қоғам назарын күшейтуде.
Осылайша, жоғары оқу орындары мен бизнестің орнықты даму саласындағы өзара әрекеттестігі өзара тиімді әрі экологиялық жауапты болашақ құру үшін аса қажет.