Шымкентте қоқыс зауытының жұмысы тұралап тұр: Билік Қытаймен бірігіп тағы бір зауыт ашпақ

Шымкентте бір миллиард теңгеге салынған қоқыс өңдеу зауыты іске қосылған соң бірден жұмысын тоқтатты. Ал қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны нарықтық бағадан 200 есе арзанға сатылып, әлі күнге дейін мемлекет меншігіне толық қайтарылмады. Бірақ Шымкент әкімдігі қытайлық компаниямен бірдесіп су жаңа, бірақ қоқысты өртейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкентте қоқыс сұрыптау зауытын салу мәселесі 2004 жылдан бері өзекті. Қалада бейберекет қоқыс төгілген орындардың көбейіп, экологиялық мәселелер ушыға бастады. Осылайша, зауыттың құрылысы 2011 жылы басталып, 2015 жылы «Ақтас-1» полигонымен бірге пайдалануға берілді. Құны 1,3 миллиард теңге болған бұл жоба сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті мен «Технологии-21» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен қаржыландырылды.
Алайда іске қосылғаннан кейін зауыт небәрі бірнеше ай ғана жұмыс істеп, инфрақұрылымдық, қаржылық және басқарушылық мәселелерге байланысты тоқтап қалды. 2017 жылы зауытты «МПЗ Green Line» ЖШС сатып алып, бір сұрыптау желісін іске қосып, өндірісті қайта жаңғыртты. Компанияның иесі — Саян Тлепов бұл зауытты салған «Технологии-21» компаниясының бұрынғы құрылтайшысы болған. Kompra.kz деректеріне сәйкес, ол бұл компанияда 2014 жылдың соңынан 2018 жылдың ортасына дейін басшылық еткен.
2019 жылы Green Line компаниясы аукцион арқылы полигонды 2,1 миллион теңгеге сатып алды. Бұл оның 461,8 миллион теңге көлеміндегі нарықтық бағасының небәрі 0,5%-ына да жетпейтін сома. Төрт жылдан кейін прокуратура бұл мәмілені заңсыз деп таныды. Нысан «Шымкент Сушар» мемлекеттік кәсіпорнына берілді. Алайда оны мемлекет меншігіне толық қайтару мүмкін болмады. Өйткені полигон орналасқан жер телімі алдыңғы меншік иесінің 100 миллион теңгеден асатын қарызына байланысты бұғатталған.
Бұдан бөлек, 2024 жылы Шымкенттегі қалдықтарды өңдеу ісіне жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг басқа да қосымша тәуекелдердің барын анықтады. Полигон мемлекет меншігіне тек формалды түрде ғана қайтарылған, ал қалдықтарды есепке алу қағаз журналдар арқылы жүргізіледі. Жеке тұлғалар қоқысты ешқандай келісімшартсыз тасымалдап, шығарады. Қызмет ақысын Kaspi арқылы немесе қолма-қол төлейді.
“Осылайша, автокөліктердің нақты кіру саны мен олардың салмағын дәл анықтау мүмкін емес. Барлық процесс қолмен жүргізіледі», — деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Агенттік мәліметінше, өткен жылы полигонға ресми түрде 110 ұйымнан 232 мың тонна қалдық жеткізілген. Бұл — 800 миллион теңге. Алайда мұның көлемі мен кірістерді нақты тексеру мүмкін емес. Сондай-ақ бұл нысанда эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті нысан ретінде заң бойынша болуы тиіс санитарлық рұқсаты жоқ. Осыған байланысты материалдар санитарлық қызметке жолданды.
Полигон 85%-ға толған, ал оны кеңейту үшін әкімдік қосымша 22 гектар жер бөлген.
Қоқыс өңдейтін зауыт не себепті тұралап тұр?
2023 жылдың қазан айынан бері электр қуатының жоқтығынан зауыт жұмысы тоқтап тұр. Полигон мемлекет меншігіне өткеннен кейін зауыт «Шымкент Сушар» мекемесімен «ауызша келісім» негізінде полигон аумағындағы трансформатордан электр қуатын алып отырған. Алайда оны мақсатсыз пайдаланып, қарыздарға байланысты электр желісінен ажыратылған.
Алайда әкімдік зауыттың күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен тоқтап тұрғанын айтты. Өндірісті қайта іске қосу — кәсіпорын иесінің құзырында. Сонымен қатар билік өкілдерінің пікірінше, зауыттың қуаттылығы — жылына 43,2 мың тонна. Бұл қаланың жыл сайынғы 230–250 мың тонна қалдығын өңдеуге жетпейді.
Эко-белсенді Айсулу Құнанбаева қалада қалдықтар нарығын қайта бөлісу және осы ресурстарға қол жеткізу үшін күрес жүріп жатқанын айтады. Оның сөзінше, қаладағы пабликтерде қоқыс таситын көліктердің жеке секторға қоқыс төгіп, оны сол жерде адамдардың қолмен сұрыптап, пластик, макулатура, алюминий және кейде әйнек сияқты қайта өңделетін шикізатты бөліп алып жатқаны туралы фотолар жиі жарияланады.
Бұған дейін депутат Нартай Сәрсенғалиев утильдік алым бойынша төлемдерді қайта қарауды ұсынған