Выбор редакции

Кәсіпкер ойбайлайды – үкімет байқамайды: жаңа салық саясаты неге билік пен бизнесті қырқыстырып қойды

2025 жыл Қазақстан тарихында «салық реформаторлары мен кәсіпкерлер арасындағы ұлы текетірес жылы» ретінде қалатын шығар. Елімізде бұрын-соңды ешбір заң жобасы жаңа Салық кодексі жобасындай қатты қарсылыққа ұшырамаған еді. Бұл құжатта ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру, ҚҚС тіркеу шегін 78 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендету және басқа да «қызықты» өзгерістер қарастырылған.

Неге қазақстандық кәсіпкерлер үкіметтің салық саласын реттеуге қатысты әрекетіне жаппай қарсы шықты? Ulysmedia.kz тілшісі мәселенің мән-жайын тереңірек талдап көрмек.

ЕСТІМЕЙТІН ҮКІМЕТ. ЕС КІРМЕЙТІН САЯСАТ

Салық консультанты, «Салық заңнамасы жөніндегі кеңес» онлайн-платформасының негізін қалаушы, бұрынғы салық қызметкері, қазіргі қоғам белсендісі Файзирахман Мияновтың айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер ешқашан мұндай дәрменсіз күйге түспеген.

– Кез келген заң қабылданар алдында бірқатар дайындық шаралары жүргізілуі керек, – дейді Миянов. – Мәселен, жобаны ашық талқылау, қоғамдық тыңдаулар өткізу, сарапшылармен ақылдасу секілді бірқатар кезеңдері болуы керек. Бірақ жаңа Салық кодексі жобасында бұлардың ешқайсысы ескерілмеді. Әр нәрсені өз атымен атар болсақ, мұның бәрі «есеп үшін» өткізілгендей болды. Ал шағын және орта бизнес өкілдерінің пікірі мүлдем есепке алынбады.

Айта кетейік, салық саласының маманы ретінде Миянов 2022 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы 2030 жылға дейінгі салық саясатының тұжырымдамасы мен жаңа Салық кодексі жобасы бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамында болды.

– Біз қолданыстағы салық кодексін жеңілдету, әрбір азаматқа түсінікті әрі қолжетімді ету мақсатында ұсыныстар әзірледік, – деп түсіндіреді ол.

Алайда сарапшының айтуынша, олар ұсынған түзетулер жұмыс тобының отырыстарында талқыланғанымен, бұл ұсыныстарды жоба үйлестірушісі болған Ұлттық экономика министрлігі тарапынан ескерілмеген.

Файзирахман Мияновтың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру бастамасы Ұлттық экономика министрлігі тарапынан алғаш рет 2023 жылдың соңында көтерілген. Алайда сарапшылар мен бизнес қауымдастығы бұл ұсынысқа қарсы болған. Өйткені олар мұндай қадам инфляцияны күшейтіп, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетеді деген негіздемелер ұсынған.

– Бұл туралы бизнес өкілдерінің барлығы бір ауыздан айтты. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнын арттырады, сәйкесінше, бағаның өсуіне және инфляциялық процестердің үдеуіне әкеледі. Бұл – қысқа мерзімді перспективада бюджет түсімін арттырғанымен, ұзақ мерзімді кезеңде экономиканың дамуын тежейтін, керісінше, оның стагнациясына алып келетін теңгерімсіз шаралар. Сондықтан бұл бастамаға сақтықпен қарау керек еді, – деп ескертеді Файзирахман Миянов.

БӘРІ КӨЗБОЯУ

Сонымен қатар салық кеңесшісінің пікірінше, жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында бизнес қауымдастықтың да, азаматтардың да пікірі ескерілмеген.

Файзирахман Миянов Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отырған салық реформаларына қарсы петиция жариялаған. Алайда ол тексеруден өтпей қалған.

– Кез келген петиция сайтқа жарияланбас бұрын бірнеше кезеңнен өтуі керек. Бірінші кезеңде ол 50 қол жинауы тиіс, біздің петиция 50 қол жинады. Бірақ кейін оны өткізбей қойды. Мен модерация қызметіне сұрау салдым, бірақ жауап болмады. Кейін ауызша түрде олар: «Кодекс жобасы Мәжілісте қаралып жатқандықтан, араласуға ешкімнің құқығы жоқ», – деп түсіндірді, – дейді Миянов.

Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде үкімет шешімін негіздейтін ешқандай талдау да, ғылыми зерттеу де жоқ.

– Ұлттық экономика министрлігінің жанында салық заңнамасына қатысты ұсыныстарды талдаумен айналысатын «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жұмыс істейді. Бірақ біздің сұрауымызға бұл институт 30 сәуірдегі жағдай бойынша Салық кодексінің жобасы ғылыми-экономикалық сараптамаға түспегенін хабарлады.

Осы себепті, Файзирахман Мияновтың пікірінше, салық реформасын ұсынып отырғандар бизнес өкілдерінің бірде-бір сұрағына жауап бере алмай отыр. Тіпті 16% ҚҚС немесе 40 млн теңгелік шек қайдан және неге алынғанын да түсіндіре алмайды.

– Ұлттық экономика министрлігінің басшылығы өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен кездесті, – дейді ол. – Олар бәрін тыңдады, бірақ Салық кодексінің жобасына бірде-бір ұсыныс енгізген жоқ. Бұдан біз мынадай қорытындыға келдік: бизнес-қауымдастықпен кездесулер мен талқылаулар олардың әзірлеп қойған кодексін қабылдату үшін жасалған жай ғана формалды, рәсімдік шара болған.

СЫРТҚЫ ЫҚПАЛДАН ШЫҒА АЛМАУ

Жаңа Салық кодексінде көптеген жеңілдікті алып тастау қарастырылған, алайда ірі бизнеске, атап айтқанда жер қойнауын пайдаланушылар мен басқа да салаларға арналған жеңілдіктерге тиіспеген. Бұл өз кезегінде реформалардың әділеттілігіне қатысты заңды сұрақтар туғызуда.

– Неліктен ірі корпорацияларға салықтық жеңілдіктер қалдырылады, ал шағын бизнес үшін және тиісінше қарапайым азаматтар үшін салықтардың өсуіне байланысты шығындар артады? Егер басқа елдерде сатудан салық алынатын болса, бізде керісінше бөлшек салық пен «жеңілдетілген режимді» алып тастап, барлық кәсіпкерді қамтитын бірыңғай режим енгізу жоспарланып отыр. Оның үстіне ҚҚС бойынша шектерді азайтып, көбірек кәсіпкерді осы жүйеге тартқысы келеді.

Бизнес өкілдерінің пікіріне жаңа Салық кодексінің жобасын үйлестіретін мемлекеттік органдардың құлақ аспауының сырын Миянов өзінше топшылайды.

– ҚҚС мөлшерлемесін көтеру шешімі ішкі қажеттіліктен емес, сыртқы ықпалдан туындаған, – дейді ол.

– Біз бұл шешімді 2010 жылы Дүниежүзілік банкпен қол қойылған салықтық әкімшілендіруді реформалау жобасымен байланыстырамыз. Бұл мақсатқа 17 миллион доллар көлемінде қарыз берілген. Ал сол құжатта ҚҚС мөлшерлемесін міндетті түрде көтеру жөніндегі тармақ бар. Яғни, ҚҚС ставкасы біздің экономикамыздың мүддесіне сай көтеріліп отырған жоқ, бұл Дүниежүзілік банктен қарыз алу шартының бірі болған, – деп түсіндіреді Миянов.

Сарапшының айтуынша, бұл қарыздың елеулі бөлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге жұмсалуы тиіс болатын. Алайда осы мақсатқа арналған бюджетті толық игергенімен, цифрландыру деңгейі жоспарланған көрсеткіштен әлі де айтарлықтай артта қалып отыр.

– Егер салықтық әкімшілендіруді жетілдіру бағдарламасы тиімді іске асқан болса, бүгінгі таңда бизнесті «бөлшектеу» немесе салықтан жалтарудың өзге тәсілдері туралы сөз қозғалмас еді. Себебі енгізілуі тиіс болған ақпараттық жүйелер барлық операцияларды «ашық» әрі қадағалауға ыңғайлы етіп жасар еді, – дейді Файзирахман Миянов.

ҮКІМЕТ ПЕН БИЗНЕСТІҢ БАСЫ БІР ҚАЗАНҒА СЫЙМАЙДЫ

– Бүгінде кәсіпкерлер неліктен ТikTok-қа көшіп, салық реформаларына қатысты пікірлерін сол жерде білдіруде? Өйткені билік өкілдерімен диалог жоқ. Салық кодексіне қатысты шешім қабылдайтындар бизнестің үнін естімейді. Біз барлық фактіні салыстыра келе, олардың бұл мәселе бойынша шешімді әлдеқашан қабылдап қойғанын түсіндік. Оның бір себебі – Дүниежүзілік банкпен жасалған келісім, – дейді Миянов.

Осы себеппен бүгінгі таңда Файзирахман Миянов қоғамдық жұмыстан шеттеп қалған. Дегенмен ол ұсынылып отырған салық реформалары күні ертең-ақ өзінің нарық жағдайында тиімсіз екенін көрсететініне сенеді.

– Бұл бірден бола қоймайды, бірақ сөзсіз орын алады. Өйткені ол «кері әсерді» тудырады. Бизнестің бір бөлігі көлеңкеге кетеді немесе мүлдем жабылады. Тек бәсекеге қабілеттілер ғана өз тұтынушылары есебінен аман қалады. Яғни біз экономиканың өсуіне емес, оның баяулауына тап боламыз. Сәйкесінше, Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытқан инвесторлар да атының басын кері бұрып, елімізден кетуі мүмкін, – деп түсіндіреді сарапшы.

Бұдан бөлек, сарапшы бизнес өз қызметін салықтық ахуалы қолайлы көрші елдерге көшіретінін де жоққа шығармайды.

– Мәселен, Өзбекстанда былтыр бюджетке түскен салықтық түсімдер 2023 жылмен салыстырғанда 20,3%-ға артқан, – дейді Миянов.

– Ал Қазақстанда, керісінше, бюджет тапшылығы байқалып отыр. Өзбекстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі – 12%, коммуналдық қызметтер мен экспорттық операциялар үшін ол – нөлдік мөлшерлеме. Сонымен қатар Өзбекстанда ҚҚС пен корпоративтік табыс салығы мөлшерлемелері 2028 жылға дейін көтерілмейді. Кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайларды Қырғызстан да ұсынып отыр.

Сарапшының айтуынша, реформаторлар өз реформаларының теріс салдарымен бетпе-бет келгенде ғана бизнестің үніне құлақ асып, диалогқа баруы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар Салық кодексінің жобасын және оған енгізілетін өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Атап айтқанда, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі 16% болып белгіленді. ҚҚС тіркеу шегі – 40 млн теңге. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап шығару және археология саласы ҚҚС төлеуден босатылады.

Сонымен бірге, сарапшылар ҚҚС мөлшерлемесінің өсуінен, ең алдымен, әлеуметтік осал топтар зардап шегеді деп болжап отыр. Бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген Максим Барышев өз уәжін айтты.

Другие новости

Back to top button