Қазақстанның Қытайға жер беріп жатқаны рас па – Үкіметтің жауабы

Әлеуметтік желілерде Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерін Қытайға беру жоспары туралы ақпарат тарады. Хабарлама авторлары бұл келіссөздер 2009 жылдан бері жүріп жатқанын және жалға берілмек жер аумағы 1,7 миллион гектарға жеткенін жазған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ
stopfake.kz әмліметінше, сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
— Қазақстанның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қытайға беруі туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл – жалған мәлімет. БАҚ пен әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін еске саламыз. Тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз, – делінген СІМ ресми хабарламасында.
ЖЕР КОДЕКСІНІҢ НОРМАЛАРЫ ТУРАЛЫ
Ауыл шаруашылығы министрлігі де өз түсініктемесін берді. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес (23-бап), ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге және орман өсіруге арналған жер учаскелері шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың жеке меншігінде бола алмайды.
— Шетелдіктер тек өндірістік және өндірістік емес мақсаттағы, оның ішінде тұрғын үйлер мен олардың кешендерін салуға арналған жер учаскелеріне ғана иелік ете алады. Оның өзінде мемлекеттік шекараға жақын орналасқан жер учаскелері жеке меншікке немесе уақытша пайдалануға берілмейді, деп нақтылады министрлік.
ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚҰҚЫҒЫ ШЕКТЕУЛІ
Министрлік мәліметінше, жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, халықаралық ұйымдарға және қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке немесе жер пайдалану құқығымен берілмейді.
— Сондай-ақ, Жер кодексінің 171-бабына сәйкес, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін шетелдіктерге жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы жалдау мерзімі аяқталғанша сақталады. Бірақ бұл құқық жаңа мерзімге ұзартылмайды және уақытылы тоқтатылады, делінген ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.