Главное

Сұйытылған газды тарату процесі ашық емес, жемқорлыққа апарып соғады – Бектенов

Үкімет отырысында бүгін газ мәселесі талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов газ саласындағы өзекті мәселелерді атап көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанда газ – күнделікті отын түрі ғана емес, ол азаматтарымыздың тұрмыс сапасына, сондай-ақ экономика мен өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы зор ресурс, – дейді Бектенов.

Бүгінде еліміздегі газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрайды. Үкімет бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 65%-ға жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық құбырының екінші желісі мен «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры іске асырылып жатыр. Сонымен бірге ел ішінде газ тұтынуды есепке алуды автоматтандыру, жаңа кен орындарын барлау, газ өңдеу зауыттарын салу мәселелері Үкіметтің тікелей бақылауында болмақ.

Табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 триллион текше метрді құрайды. Алайда, оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және ұзақмерзімді стратегия қажет», – деп атап өтті премьер-министр.

Цифрлық бақылау мен жедел құрылыс

Бектенов Үкіметтің газ саласын реформалауға бағытталған бес негізгі міндетін атап өтті. Ең алдымен, жаңа кен орындарын игеру, геологиялық зерттеулерге инвестор тарту үшін цифрландырылған, бірыңғай геоплатформа іске қосылады. Бұл платформа арқылы мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар арасында нақты, ашық байланыс орнайды.

Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы – геологиялық ақпаратты цифрландыруға, инвесторлар тартуға және барлық процесті ашық жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Бектенов.

Тағы бір өзекті мәселе – газ өңдеу зауыттарын жедел тұрғызу. Қашаған мен Жаңаөзенде салынып жатқан зауыттардың құрылысы «Самұрық-Қазына» қорының ерекше бақылауында болады. Қарашығанақтағы зауыт бойынша инвестициялық шешім де биыл қабылдануы тиіс. Сонымен қатар, газ құбырларын салу процесін жеделдету үшін шетелдік тәжірибелер ескерілген. Мысалы, құбырларды дәнекерлеусіз, механикалық әдіспен біріктіру технологиясын енгізу қарастырылып жатыр. Бұл – құрылыс мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Саланың тағы бір осал тұсы – сұйытылған газды бөлу. Қазір бұл процесс қолмен жүргізіледі, ал ашықтықтың болмауы жемқорлыққа жол ашып отыр.

«Сұйытылған газды тарату процестерінің ашық болмауы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді. Сондықтан бұл жүйені цифрландырып, барлық қатысушыларға түсінікті болатындай ету қажет», – деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Мәселені бақылауды Бектенов орынбасары Склярға тапсырды.

Другие новости

Back to top button