Абай облысында 239 миллион теңге бөлінген спорт кешенінің «желі шығып» кетті (видео)

Әлеуметтік желіде Абай облысы Жаңасемей ауданына қарасты Шүлбі кентіндегі 239 миллионға салынған спорт кешенінің жай-күйі қызу талқыға түсті. Жергілікті халық қатты дауылдан “үрлемелі” спорт кешенінің “желі шығып кетті” деп отыр. Stan.kz тілшісі Абай облысының әкімдігінен спорт кешенінің неден жасалғанын сұрап, білді.
Шүлбі кентінің тұрғындары құрылысына 239 миллион теңге бөлінген спорт кешенінің кенеттен “желі шығып” кетті деп шулады. Соған қарап нысан “үрлемелі” болған деп топшылады.
Жаңасемей ауданы әкімдігі желіде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Әкімдіктегілердің сөзінше, 5 сәуір күнгі қатты дауыл спорт кешенін зақымдаған.
“Жаңасемей ауданына қарасты Шүлбі кентіндегі спорт кешеніндегі барлық ақаулар толығымен қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта нысан штаттық режимде өз жұмысын жалғастырып жатыр. 4-нен 5 сәуірге қараған түні болған қатты дауыл салдарынан спорт кешенінің инженерлік жүйелерінде техникалық ақаулар туындады. Табиғи апаттың салдары нысанның электр желілеріне әсер етіп, қауіпсіздік мақсатында кешеннің қызметі уақытша тоқтатылды. 5 сәуір күні ақау анықталып, насан қалпына келтірілді”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Ведомство қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша тексеріс жұмыстары жоспарланатынын айтып, уәде берді.
Сондай-ақ облыс әкімдігі нысан күмбезінің созылғыш әрі икемді, беріктігі арттырылған эластомер, яғни ішкі құрылымына арматура қосылған серпімді полимерден жасалғаны туралы ақпарат берді. Қатты дауыл кезінде күмбез зақымданған. Кейін нысан күмбезі қайта қалпына келтірілді.