18 млн теңге пара алған Ақтау қалалық сотының төрағасы сотталды

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының төрағасы сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин 9 жылға және жеке сот орындаушысы Р.М. Жанахметов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар сотталушыны бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау сылтауымен 18 млн теңге мөлшерінде заңсыз сыйақы алу жолымен алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды.
Қосымша жаза ретінде Шайдуллин мен Жанахметов өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
ТЕРГЕУ
Ақтауда 18 млн теңге пара алды деп айыпталған сот төрағасын тергеу былтыр желтоқсанда аяқталған болатын.
СУДЬЯНЫҢ ҰСТАЛУЫ
Еске салсақ, бұған дейін Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин ұсталғанын жазған болатынбыз. Ол сенімді адамы – Ақтау қаласының тұрғыны арқылы сотталушыдан оған қатысты бас бостандығынан айырудан басқа жазаға үкім шығару сылтауымен 18 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат алған деген ақпарат тараған.