Қазақстандықтарға өз баспанасын сақтандыру міндеттелмек

Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыруды міндеттеу ұсынылып жатыр. Осы үшін «Табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру туралы» заң жобасы әзірленіп, ол талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң жобасында сақтандырылатын апат ретінде жер сілкінісі, су тасқыны, қар суының басуы және орман өрттері белгілеу ұсынылады.
Табиғи апаттан сақтандыруды жүзеге асыратын Мемлекеттік сақтандыру ұйымы құрылады.
“Мемлекеттік сақтандыру ұйымының болуы ірі апаттар кезінде залалды өтеу үшін резерв қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік сақтандыру ұйымында жинақталған активтер болған сақтандыру оқиғалары бойынша төлемдерге, (ақшаның жинақтау бөлігін) инвестициялауға және қайта сақтандыруға бағытталады”, – делінген құжатта.
Табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыруды енгізу мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтып, халықтың мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетігі болады деп көрсетілген. Қазір табиғи апаттар (су тасқыны немесе жер сілкінісі) болған жағдайда, тұрғын үйді қалпына келтіру және азаматтарға көмек көрсету жауапкершілігі тек мемлекетке жүктелген.
Қазақстанда тұрғын үйлердің тек 3,2%-ы ғана табиғи апаттардан сақтандырылған. Мұндай сақтандыру ең көп рәсімделген өңір – Алматы қаласы. Мұндағы көрсеткіш – 7,7%-ға тең.
Алдын ала есептеулерге сәйкес, мұндай сақтандырудың құны 1 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін болады. Сома өңірдің табиғи апаттарға бейімділігіне байланысты есептеледі. Бастапқы кезеңде 1 000 теңге жарна төлеген жағдайда 500 мың теңге көлемінде сақтандыру төлемі көзделген, ал 20 000 теңге жарна үшін – 10 миллион теңге. Қаражат жинала келе, Мемлекеттік сақтандыру ұйымы тұрғын үйді жөндеуге және жаңа баспана сатып алуға кеткен шығындарды өтейді.
Бұған дейін Қазақстанда жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізу ұсынылған еді.