Главное

БЖЗҚ-дағы ақша азайған, ұлттық банк сабырға шақырды: зейнетақы жүйесіндегі парадокс

2025 жылдың алғашқы екі айында қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары шамамен 380 миллиард теңгеге азайған. Алайда болашақ зейнетақының табысын қамтамасыз ететін ұлттық банк сабыр сақтап, жағдай бақылауда екенін айтуда. Бұл мәселеге Ulysmedia.kz тереңірек үңіліп көрді.

ЖЫЛ СОҢЫНДА ЕСЕПТЕЛЕТІН АҚША

Зейнетақы жинақтары – ең парадоксқа толы тақырыптардың бірі. Бір жағынан мемлекет халықты қартайғанда кедейлік көрмес үшін жинақ жасауға барынша итермелейді. Екінші жағынан, қазақстандықтар бұл жүйеге қарсылық танытып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударатын жарналарды барынша азайтуға тырысады. Бұл құбылысты қаржылық сауатсыздықпен түсіндіруге де болар, алайда басты мәселе – халықтың сенімсіздігінде. Бұл сенімсіздікті БЖЗҚ туралы жаңалықтар одан әрі күшейтіп отыр.

2025 жылдың алғашқы тоқсанына қатысты толық есеп әлі жарияланған жоқ, бірақ қаңтар-ақпан айларында қазақстандықтардың зейнетақы есепшоттарындағы қаржы жалпы алғанда 385 миллиард теңгеге азайғаны белгілі болды. Зейнетақы қаражатының басым бөлігін басқаратын ұлттық банк осы кезеңде –1,64 пайыз теріс кірістілік көрсетті. Сонымен қатар, қазақстандықтардың болашақ зейнетақысын басқару сеніп тапсырылған тағы бес басқарушы компанияның да нәтижелері көңіл көншітпейді. Екі компания – шығынға ұшыраса, қалған үшеуі 1 пайызға да жетпейтін кірістілік көрсеткен. Ал бұл уақытта 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы инфляция деңгейі 2,6 пайыз болды.

Ұлттық банк жыл басындағы мұндай сәтсіз нәтижелерге түсініктеме берді.

– Мұнда алаңдауға негіз жоқ, себебі бұл уақытша құбылыс. Мұндай өзгеріс зейнетақы активтерін қайта бағалау нәтижесінде туындады. Теріс кірістілікке алып келген негізгі себептердің бірі – мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құнының төмендеуі. Бұл, өз кезегінде, инфляция мен инфляциялық күтулердің өсуіне, сондай-ақ Қаржы министрлігінің осы бағалы қағаздарды көптеп шығарғанына байланысты болды, – деп түсіндірді Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.

Қаржыгерлер тілінен түсіндірсек, мемлекеттік бағалы қағаздардың бағасы арзандап кеткен, себебі инфляция өсті, ал қаржы министрлігі оларды шамадан тыс көп мөлшерде шығарған.

Сәуір айының басындағы мәліметке сәйкес, ұлттық банктің басқаруында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жиналған 22,3 триллион теңге қаражат болған. Оның 13,4 триллион теңгесі – теңгемен номинирленген активтер (қалғаны шетел валютасы мен шетелдік бағалы қағаздарға салынған). Осы теңгемен сақталған активтердің 70%-ы, яғни шамамен 9,3 триллион теңге, мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) салынған.

Сондықтан да Қазақстанның мемлекеттік құнды қағаздарының нарықтағы құнсыздануы бірінші тоқсандағы инвестициялық табысқа елеулі түрде әсер еткен.

Алайда ұлттық банк өкілдері өздерінің жұмысының тиімділігін жыл соңында бағалау қажет екенін алға тартады. Себебі жаһандық қаржы нарығы үнемі құбылып отырады, ал бір-екі айдағы нәтиже жағдайды толық сипаттай алмайды.

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша табыстылық 17,84% болып, 3,4 триллион теңге инвестициялық табыс әкелді. Бұл кезде инфляция деңгейі 8,6% болды. Осылайша нақты табыстылық 9,24%-ға тең болды. Жыл сайын бізге жылдың басында (теріс табыстылыққа қатысты) осы сұрақ қойылады. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені жылдың басында қаржы жылы енді басталғандықтан, облигациялардан түсетін купондық кірістер әлі жиналмайды. Олар жыл соңында – желтоқсанда ғана түседі. Сондықтан дәл сол кезде мұндай сұрақтар туындамайды, – деп түсіндірді Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.

ДОЛЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ПАРАДОКС

Бірінші тоқсанда кірістіліктің теріс болуына әсер еткен тағы бір фактор – доллар бағамының өзгерісі, дейді ұлттық банк.

Мәселен, егер қаңтарда бір доллар 525 теңге тұрса, наурызда ол 504 теңгеге дейін төмендеген.

– Мұнда мына жайтты нақты түсіндіру қажет: теңге нығайған кезде, шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептелген құны уақытша төмендейді. Бұл есептеулерде теңгемен көрінетін шығын ретінде тіркеледі, – деп атап өтті Тұрсынханов.

БОЛАШАҚ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ

Қазір қазақстандықтар зейнетақы шоттарындағы өзгерістерді тек бақылап отыра алады, бірақ оған тікелей әсер етуге мүмкіндік жоқ. Алайда бұл жағдай жақын арада өзгеруі мүмкін. Бүгінде салымшылар зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға беруге құқылы.

Сонымен қатар, қазір жаңа жоба дайындалып жатыр. Ол бойынша болашақ зейнеткерлер өз қаражатын басқарудың бірнеше стратегиясының бірін таңдай алады:

Консервативті тәсіл – төмен кірістілік, бірақ қауіпсіздік жоғары;

Агрессивті тәсіл – жоғары табыс мүмкіндігі, бірақ тәуекел де үлкен;

Орташа тәсіл – орташа табыстылық және орташа тәуекел деңгейі.

Бұрын зейнетақы қорлары көп болған кезде, ұлттық банкті басқарған Григорий Марченко өз жинағын тиімді басқарудың қарапайым формуласын ұсынған еді:
жарты жыл сайын зейнетақы қорын ауыстырып отырған дұрыс, өйткені бұл инвестициялық табысты “бекітіп” отыруға мүмкіндік береді, осылайша жинақтар тұрақты өседі.

Салымшыларға зейнетақы қаражатын басқару стратегиясын таңдауға мүмкіндік беру мәселесі 2023 жылдан бері талқыланып келеді, бірақ бұл жүйенің нақты қашан іске қосылатыны әлі белгісіз.

Сонымен қатар, ұлттық банктің зейнетақы жүйесін салық жүктемесінен қорғай ма, жоқ па – ол да беймәлім. Себебі қазіргі нұсқадағы жаңа салық кодексі қабылданса, мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысқа 10% салық салынуы мүмкін. Ал бұған дейін айтылғандай, зейнетақы жинақтарының 9 триллион теңгеден астам бөлігі дәл осы бағалы қағаздарға салынған. Мұндай салықтың енгізілуі бұл инвестициялардың табыстылығын арттырмақ түгіл, керісінше төмендетуі ықтимал.

Бұл жағдай да Қазақстандағы зейнетақы жүйесіндегі тағы бір парадоксқа айналуы мүмкін.

Другие новости

Back to top button