«Контент үшін»: Ақтөбеде қару-жарақпен суретке түскен жасөспірімдер ұсталды

Ақтөбеде қару-жарақпен суретке түскен жасөспірімдер ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған жазбаларды анықтады.
Атап айтқанда, TikTok-та 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша сияқты заттарды ұстап түскен бірнеше фотосуреттерін жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке тұлғасы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.
ТЕКСЕРІС
Тексеру барысында олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы екені анықталды.
Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге «контент үшін» барғандарын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсаттары болмағанын түсіндірді.
ЕСЕПКЕ АЛУ
Бұл факті бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді және профилактикалық есепке алынды. Жарияланған посттар жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды.