Главное

Талибан көне ме – Аралды құтқару үшін Қазақстанға Ауғанстанмен келісуге тура келеді

Қазақстанның Су ресурстары және ирригациялар министрлігі Арал теңізін құтқару үшін Ауғанстан билігімен байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Үкіметтің баспасөз орталығында министр Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ КӨЛЕМДЕ СУ КЕРЕК

Ауғанстан екі жылдан бері Көш-тепе деген канал салып жатыр. Бұл айналып келгенде Қазақстанның да су қауіпсіздігіне тағы бір қауіп туғызатын түрі бар. “Біздің Үкімет су тапшылығы болмас үшін ол елдермен келіссөз жүргізіп жатыр ма? Керек кезде оңтүстік өңірлерге су жетпей қалмай ма? Су тапшылығы қайталанса, әсіресе оңтүстікте Жамбыл облысындағыдай құрғақшылық болса, биыл не істейсіздер? Мысалы, мамандар биылғы жағдай тіпті күрделі болады деп жатыр” деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден.

Су ресурстары және ирригациялар министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, біріншіден, Әмудариядан Қазақстан су алмайды. Сырдарияның суын пайдаланады. Ол өзен Қырғызстаннан басталып, Тәжікстан, Өзбекстан арқылы өтеді де Қазақстанға келеді. Сырдария өзенінің суын реттеу үшін Орталық Азиядағы бес мемлекет арнайы мемлекетаралық үйлестіру комиссиясын құрған. Комиссия мүшелері жылына төрт рет кездеседі. Жақында Самарқанда 6 сәуірде кездесу өткен.

Біз вегетация кезінде әр мемлекетке өзінің тапсырысына байланысты су көлемі берілетінін бекіттік. Біздің Қазақстанға Достық каналы бойынша 909 млн текше метр керек. Тапсырысымыз бойынша 100 пайыз қамтамасыз етілді. Одан бөлек Солтүстік Арал теңізіне біз 1 млрд текше метр көлемінде тапсырыс бердік. Ол да 100 пайыз нақтыланды. Вегтеация кезінде Шардара су қоймасына 700 млрд текше метр суды алу мәселесі көтерілді. Ол да 100 пайыз бекітілді. Сондықтан, Сырдария өзені бойынша биылғы вегетация кезінде су қоймаларында жинақталған су мөлшері 100 пайыз көлемінде жетеді деп отырмыз, – дейді ол.

КӨШ ТЕПЕ ЖАЙЛЫ

Министрдің сөзінше, Көш Тепе бойынша рас көп әңгіме жүріп жатыр.

Біздің мақсатымыз – Арал теңізін халықаралық құтқару қоры кезінде осы мемлекетпен (Ауғанстан) байланысты орнату жоспарымыз бар. Кеше ғана Өзбекстанның тиісті министрліктерінің өкілдерімен Ташкентте өкілдері кездесіп, арнайы конференцияға қатысқан. Сол жердегі мәліметі бойынша Өзбекстанның мамандары енді Ауғанстанда суға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарына консультациялық жәрдемдесу мәселесі шешілді. Ол деген – өзіміздің арнайы үйлестіру комиссиясы соған міндетті түрде қатысады. Комиссия отырысында біз де бұл жұмыстарды талқылаймыз, – дейді ол.

“Талибанмен келешекте су мәселесі бойынша келісесіздер ме?” деген сұраққа Нұржігітов “біз одан бас тартып жатқан жоқпыз, керісінше сол бағытта жұмыстарды жүргіземіз” деп жауап берді.

Другие новости

Back to top button