«Өсек-аяң»: Асхат Тағыбергеннің әйелі күйеуінің 20 млн теңге жалақысына қатысты дауға жауап берді (ВИДЕО)

Шымкент қаласының әкімі «Ордабасы» командасының футболшысы Асхат Тағыбергеннің жалақысы 20 млн теңге екенін ашық айтқан. Осы дауға қатысты футболшының әйелі Махаббат Тағыберген жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Футболшының жұбайы әкімнің сөзіне қатысты арнайы видео әзірлеп, күйеуінің сіңірген еңбегі туралы сөз қозғады.
«Футбол голдардан ғана тұрмайтынын, оның командалық ойын екенін ұмытып кетеміз. Ойыншының қосқан үлесі әрдайым таблодағы сандармен өлшенбейді. 2023 жылы Асхат капитан ретінде командасының жеңіске жетуіне зор үлес қосып, тарихта Шымкент қаласы алғаш рет чемпион атанды.
2024 жылы жарақаттарына қарамастан ойынын жалғастырды. 2025 жылы өз келісімшарты бойынша ойынын жалғастырып жүр. Өз жұмысын адал атқаруда. Футбол командалық ойын, тек шабуылшылар ғана емес, жартылай қорғаушылар да маңызды сәттер жасайды. Бірақ неге екені белгісіз, оны тек соққан голдары арқылы бағалайды. Ал бұл ойыншының пайдасын көрсететін жалғыз көрсеткіш емес», — дейді Махаббат Тағыберген.
Ол сөзін жалғай отырып, жалақысына қатысты әкімнің сөзін жоққа шығарған жоқ әрі екі жыл бұрын күйеуіне Түркиядан ұсыныс түскенін ерекше айтып өтті.
«2023 жылдың жазында Асхаттың Шымкент клубымен келісімшартының аяқталуына жарты жыл қалғанда оған Түркиядан екі жылдық келісімшарт ұсынылды. Сол кезде оны жібермеді. Себебі команда чемпиондыққа таласып жатты. Егер ол чемпион болса, оған дәл сондай екі жылдық келісімшарт ұсынылатыны айтылды.
Жалақы туралы нақты мәліметті білмей-ақ түрлі әңгімелер айтылуда. Бірақ мәселе тек жалақыда ғана емес. Футболшылар ең алдымен өз денсаулығын алаңда қалдырады. Ал олардың еңбегі өсек-аяңмен емес нақты жетістіктермен бағалануы керек. Жеңіл жұмыс жоқ, бәрі еңбек пен нәтиже арқылы өлшенеді», — дейді футболшының жұбайы.
Сөз соңында Асхат Тағыбергенге қатысты әділетсіздік болып жатқанын жеткізді.
«Әйелі ретінде мен Асхаттың футболға қосқан үлесімен және әділ ойнап, бар күшін салатын қағидаларымен мақтанамын. Ешкіммен айтысып, салғыласпаймын, бірақ әділетсіздікке үнсіз қалу да дұрыс емес. Әр жанкүйерді құрметтеймін, бірақ бір маусыммен ғана баға бермей, жақсы сәттерді ұмытпайық. Қолдауларыныз үшін алғысым шексіз!» — деп жазды Махаббат Тағыберген.