Госорганы

Қазақстандықтар жылына 65 сағатын қандай іске арнап жүргені белгілі болды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдай отырып, еліміздегі кітап оқу мәдениеті туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Адами капиталды дамытуды басымдық еткен дамыған мемлекеттер кітап оқудың маңызын түсініп, кітап оқу мәдениетін дамытып келеді. 2024 жылы әлем бойынша ең көп кітап оқитын елдер санатына АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия және Үндістан кірген. Азия құрлығындағы қытайлықтар жылына 154 сағатты, жопониялықтар 135 сағатты, кореялықтар 125 сағатты кітап оқуға арнайды екен. Халықаралық ұйымның есептеуі бойынша, қазақстандықтар жылына 65 сағатын кітап оқуға арнайды екен. Осыдан-ақ елімізде кітап оқу дағдарысы орын алып жатқанын білуге болады», — дейді ол.

Оның айтуынша, 2021 жылы өткізілген төртінші сыныптың соңында оқушылардың оқу сауаттылығының қалыптасу деңгейін бағалайтын PIRLS — халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылардың орташа нәтижесі 504 балды құрады. Бұл PIRLS шкаласының халықаралық орташа мәнінен (500) жоғары. PIRLS-2021-ге қатысқан көптеген елдерде оқу сауаттылығының төмендеу үрдісі байқалады. Қазақстандық оқушылардың нәтижелері 2016 жылмен салыстырғанда 32 балға төмендеген.

«Әрине бұған цифрлық дәуірдің дамуы өз үлесін қосты. Әлеуметтік медианың және интернеттің қол жетімділігі кітап оқу тәсілін өзгертті. Себебі көптеген цифрлық ресурстардың болуы контентты қысқаша форматта көру арқылы жаңалықтарға және оқу материалдарына қол жеткізе алады. Осының салдарынан адамдар интернетте шамамен 55 секунд қана оқиды, ал бұл оқудың миға беретін таңғажайып артықшылықтарын көрсете алмайды», — дейді ол.

Осылай деген депутат шетелдің тәжірибесін назарға ала отырып, жоғары оқу орындарында кітап оқуды міндеттеу әдісін қолдану керек дейді.

«Мысалы, АҚШ-тың, Европаның колледж бен университеттерінде әр курста студенттерден белгілі бір кітап немесе әдеби шығармаларды оқу талап қойылады. Оқуға міндетті кітаптар тізімі де бар. Бұл процесс студенттердің интеллектуалды өсуіне, оқылған материалды түсіну стандартын ілгерілетуге бағытталған. Яғни студенттерді оқыту барысында, берілген материалды жаттамай, өздерінің білімі бен түсінігін жақсартып, өз ойларын дәлелдеу, тұжырымдау дағдыларын дамытады. Ересектерге келетін болсақ. Ата-аналардың кітап оқуға деген көзқарасы балалардың кітап оқуға деген ынтасы мен оқу үлгерімін арттыруға байланысы бар екені анықталған. Жоғарыда атап өткен PIRLS-2021 зерттеуіне сәйкес Ересектердің оқығанын көрген балалар да сондай әдет қалыптастырады. Қазақстанда ата-аналары кітап оқуды жақсы көретін оқушылардың үлесі (17%) әлем бойынша орташа көрсеткіштен (31%) екі есе дерлік аз. Ал PIRLS-2016-мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9%-ға төмендеді», — дейді ол.

Бір айта кетерлігі, депутат былтыр да осы тақырыпта депутаттық сауал жолдаған. Алайда, оның ұсыныстары ескерусіз қалған.

«Кітап оқу мәдениетін жетілдіруде, алдымен, барлық оқыту мекемелерінде, орта және жоғары білім беру орындарында, ғылыми негізделген оқу әдістері дәріптеліп, кітап оқудың тиімді тәсілдерін жасайтын ресурстарды енгізу керек. Екіншіден, тұрақты республикалық және аймақтық деңгейде кітап оқу сағатын, апталығын ұйымдастырып, ел тұрғындарының назарын кітап оқуға аудару маңызды. Үшіншіден, Жергілікті әкімдіктер барлық тұрғындар арасында Оқу сайыстары мен әр-түрлі байқаулар ұйымдастырған жағдайда, оқушылардың, ересектердің оқуға деген құштарлығы арта түседі. Біздіңше, Ұлы Абайдың «Артық ғылым кітапта, Ерінбе оны оқып көруге» деген қанатты ойын мемлекеттік деңгейде дәріптейтін уақыт жетті. Себебі кітап оқу – мәдениеттің кілті, өркениеттіліктің өзегі», — деді ол.

Другие новости

Back to top button