Екі ай бұрын жоғалып кеткен қыздың денесі зираттың маңында сөмкеден табылды
Екі айдан аса іздестірілген алматылық қыздың денесі Кеңсай зиратының маңынан табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
КТК мәліметінше, 26 жастағы марқұм Айша Хамитті өзі жақын араласып келген жігіті пәтерде қылқындырып, қылмысын жасыру үшін денесін айдалаға апарып тастаған. Қазір полицейлер 19 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Қаскөй кінәсін толық мойындаған, тіпті қызды мәжбүрлеп несие алғызғанын да растапты.
ТЕЛЕФОНЫ ҚОСУЛЫ БОЛҒАН
Айша Хамит былтыр қарашада үйінен туған күн кешіне барамын деп шығып, сол күйі оралмаған. Десе де оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырыпты.
— 19 жастағы бала екен. Есімі Нұрмахан деген қанішер. Несие алдыртқан, оның сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. Қайтармаймын дегеннен кейін, Айша айтқан: «ата-анама айтамын, полицияға арызданамын». Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген, дейді марқұмның әпкесі Әсия Хамит.
КҮДІКТІМЕН ҚАЛАЙ ТАНЫСҚАН
Туыстарының айтуынша, күдікті жігіт Айшаны алдымен пәтерде буындырып өлтірген. Кейін денесін полиэтиленге орап сөмкеге салған. Сөйтіп мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты төңірегіндегі саяжайға тиесілі жерге, қарға көміп кетіпті. Айша Хамит күдіктімен жазда танысып, содан бері телефон арқылы сөйлесіп жүрген. Онымен ТикТок желісінде емші іздеп отырып танысыпты. Марқұм қыз сырқат әпкесін «осы кісіге көрсетемін» деп, оның көмекшісімен, яғни күдіктімен танысқан.
26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы болған. Аудандық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Қазір полиция 19 жастағы күдіктіні қолға түсірген. Қаскөй қолмен жасаған қылмысын толығымен мойындапты.
— Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр, дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал марқұмның денесінде зорлық белгілері болған-болмағанын енді сот-медициналық сараптасы анықтамақ. Қара жамылған отбасы қылмыс жасаған сыбайластары да табылып, қаскөйлер лайық жазасын алар деген үмітпен отыр.