«Өзге ұлтты боқтау, балағаттау сатираға жатпайды»: депутат жуырда ұсталған Темірлан Еңсебектің мәселесі туралы айтты
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев жуырда қамауға алынған QazNews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат сөз басында сатираның арнайы жанр екенін ерекше тоқталып өтті.
«Сатира өзі жанр ретінде арнайы бекітілген. Қазақтың жазған сатирасына келер болсақ, Толымбек Әлімбекұлының шығармаларына үңілсек, ол бөлек әңгіме. Ол қоғамда болған жағдайларды күлкімен, ащы күлкімен түйрей отырып, әзілмен жеткізетін. Бұл – бірінші мәселе», — дейді депутат.
Ол сөзін жалғай отырып, паблик иесі Темірлан Еңсебектің мәселесіне қатысты ойын былайша жеткізіп өтті.
«Екіншіден. Осы мәселе талқыланып жатқанда, контентін қарап шықтық. Оның материалының сатираға жататын-жатпайтынын анықтау – автордың өзінің жеке құқығында. Бірақ құқық қорғау органдары тарапынан жарияланған ақпаратқа сәйкес, ол азамат аталған парақшадағы мәліметтері үшін емес, ұлтараздық мәселелерді қозғады деген бағытта жауапқа тартылып жатыр.
Ол бұрын шыққан материал еді, осыған дейін неге қаралған жоқ деген мәселе де бар. Өзім жаныммен журналист болғаннан кейін бұл мәселе менің көкейімде тұр. Дегенмен арнайы сараптама жасайтын құқық қорғау органдары қашан анықтады, сол кезде дәл осы мәселеге қатысты тиісті тұлғаларды жауапқа тартып жатыр деп санаймын», — дейді Нартай Аралбайұлы.
Мәжіліс депутаты өз сөзінде өзге ұлтқа тіл тигізу ешқашан сатираға жатпайтынын жеткізді.
«Қазір нақты талқыланып жатқан контентке келер болсақ, өзге ұлтты боқтау, балағаттау бұл меніңше, сатираға жатпайтын секілді. «Сатира – қылмыс емес» деген жазбаларды көрдім. Мен де сатираны қылмыс деп санамаймын. Бірақ өзге елді, өзге ұлтты боқтау, табалау дегенді сатира деп санай алмаймын.
Сондықтан біздегі заңға сәйкес, мемлекеттік органдар, әсіресе құқық қорғау органдары өздерінің қорытындысын жасайды. Бұл жерде қылмыстық жауапкершіліктен бөлек, әдеби сараптама да жасалады. Соның бәрінің негізінде бұл іс сотқа жетсе, тиісті шаралар қабылданады деп ойлаймын. Тек әділ түрде. Ешкімнің құқығын таптамай, нақты заңның жүзінде бұл мәселе реттеледі деген ойдамын.
Егер өзге ұлттың өкілі біз туралы айтса шыдап тұра алмас едік. Оған жанымыз ауырып, жауапсыз қалдырмайтын едік», — деп депутат сөзін аяқтады.
Айта кетейік, жуырда QazNews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің қамауға алынғаны туралы хабарланған болатын.