«Барыс» 49 млрд, «Астана» — 50 млрд теңге алған: жеңісінен жеңілісі көп командалар Қазақстан спортын қалай құлдыратты
Мәжіліс кулуарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов легионерлерге жұмсалған қаражат туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Астана» футбол клубына шамамен 50 млрд теңге бөлінді, оның 60-70 пайызы 2-3 маусым ойнаған шетелдік легионерлердің жалақысына кетті. «Барыс» хоккей клубына 49 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді, оның басым бөлігі де шетелдік спортшылардың жалақысына жұмсалды», — деді Сарқұлов.
Антикор өкілі Мәжілісте журналистердің сұрағына жауап бергенде легионердің көбі бұл командалардан баяғыда кеткенін және клубтардың рейтингісі жақсармай, керісінше құлдырап кеткенін айтты.
«Біз қаражатты әлдеқайда ұтымды пайдалануға болар еді деп ойлаймыз. Мысалы, спорт инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салып, балалар мен жастардың білім алуына жағдай жасауға болар еді. Өйткені, өскелең ұрпақтан кәсіби футболшылар, хоккейшілер және болашақта ел намысын қолдан бермейтін басқа да спортшылар өсіп келеді», – дейді Ұлан Сарқұлов.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде футболшылар мен жеңісінен жеңілісі көп хоккейшілердің қомақты жалақысы жиі сынға ұшырайды.