Госорганы

Қылмыс болған кезде жоғалатын камералар айыппұл десе табыла қалады — Нартай Сәрсенғалиев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев жүргізушілерге салынатын айыппұлдарға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен депутатық сауалдарымда айыппұл туралы көп айтамын. Қазір «Сергек» камерасынан келетін айыппұлдарға қатысты мәселе бар. Мен сауал жолдаған кезде автотұрақтың  7700, қазір ақылы автотұрақтың саны  10 мыңға жетті. Бір қаланың өзінде 13 мыңнан астам бейнекамера бар. Олардың салығы 5 млрд теңгеден асып жығылады. Ал біз қылмыс болған кезде камерадан бір жазбаны таппай қаламыз. Халыққа айыппұл салған кезде табыла қалады. Бұл да ауқымды мәселе», — дейді Сәрсенғалиев Мәжілістің кулуарында.

Депутат әкімдік өкілдері айыппұлды көбейтетін жүйе жасап алған дейді.

«Мысалы, Астанадағы Қабанбай батыр даңғылы — Қосшы, «Лесная полянадан» келетін халық нөпірі өтетін жалғыз көше. Оларға екі жолақ қалдырып, үшіншісі автобус жолағына берілген. Адамдар амалсыздан, жұмысқа асыққан соң, автобус жолағына шығуға мәжбүр болады. Біз оны біле тұра, ол жолды шектейміз. Біле тұра, айыппұл саламыз. Халықты қолдайтын мәселе қайда? Алматы әкімдігіне де сондай ұсыныс айттым. Ыстамбұл, Ташкент қалаларында да сондай мәселе бар», — дейді депутат.

Нартай Сәрсенғалиев бюджетті қара халыққа есебі жоқ айыппұл салып толтыра беру ақылға қонымсыз дейді.

«Ең алдымен лайықты жағдай жасау керек. Тиісті тәртіп енгізу керек. Лайықты жағдай жасалып, тәртіп енгенін біліп тұрып, заң бұзсаңыз, айыппұл салу керек», — дейді депутат.

Другие новости

Back to top button