«Шаруалардың мұңын тыңдадық»: Мақсат Толықбай аймақтардағы негізгі проблемаларды атады
Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Қазақстанның аймақтарын аралағанда қандай проблемалар көргенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, аймақтарда ішкі жолдар, су мәселесі, құрылысы аяқталмай тұрған, әсіресе, құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандар, тоқ тарту мәселелері көп көрініс тапқан.
«Біз өзіміз аралаған аудандарға берген уәделеріміз бар. Соның ішінде, құрылыс, су тарту, ішкі жолдардың сапасы, құрылысы бітпей жатқан әлеуметтік нысандар, яғни, жалпы, осы мәселелердің шешілмей тұрғанына не себеп соны араладық. Қойын дәптерге түртіп алған дүниелер бар, келесі аптада сол мәселелерді көтере бастаймыз», — деді Мақсат Толықбай.
Оның айтуныша, шекаралық аудандардағы проблемалар өзектеніп тұр.
«Мысалы, Кеген ауданында халықтың жағдайы мәз емес, шаруалардың мұңын тыңдадық. Техникалық колледждің мәселесі бар. Келесі аптадан бастап қаржы вице-министрі, ұлттық экономика вице-министрлерін шақырып, қаржы көзін қайдан табамыз деген мәселелерді ақылдасамыз. Оң шешімін табамыз деген үміттеміз», — деді Мақсат Толықбай.