Анамнан айырмаса екен, одан басқа ешкімім жоқ – Шерзаттың әпкесінің ұлы Тоқаевқа жүгінді
Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реимова бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейін 15 тәулікке қамалған болатын. Оның ұлы Мейірбек Реимов жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді, деп жазады Ulysmedia.kz.
ПРЕЗИДЕНТТЕН КӨМЕК СҰРАДЫ
– Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Реимов Мейірбек Бақытұлы – Бақыт Реимованың баласымын. Менің анамды сот 15 тәулікке қамап, Қазақстан аумағынан шығару жөнінде шешім шығарған болатын. Менің анам Бақыт Реимова менің жалғыз асыраушым. Мен кәмелет жасқа толмаған баламын. 11-ші сыныпты оқимын. Анамның менен басқа ешкімім жоқ. Мені анамнан айырмауларыңызды сұраймын. Менің анамның Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Анам да, мен де қазақпыз. Мен өзімнің елім үшін қызмет еткім келеді. Менің анамды сот Қазақстан аумағынан шығаратын болса, мен анамды бес жылға дейін көре алмаймын. Бұл үкімге өзіңіз қарауыңызды сұраймын, – дейді Мейірбек Реимов.
Бақыт Реимованы полиция ағасы Қаржаубай Нұрымовпен қатар 15 тәулікке қамаған. Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлім еткен. Ақпаратты кейін полиция растады.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.
Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол «полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады» деген ақпаратты жоққа шығарған.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.