Сарапшылар доллар 545 теңгеге қымбаттайтынын болжайды: Үкімет оған не дейді
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров сарапшылардың доллар 545 теңгеге дейін қымбаттайды деген болжамына аса келісе қоймайтынын мәлім етті, деп жазады Ulysmedia.kz.
БАЙБАЗАРОВ НЕ ДЕЙДІ
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы доллардың 545 теңгеге қымбаттайтынын болжаған. Бұл жөнінде не дейсіз? Үкіметтің баспасөз орталығында бұл сұрақ Нұрлан Байбазаровқа қойылды.
– Бүгін ғана сол болжамды оқыдым. Ол жерде шынын айтқанда, тұспал жалпылама берілген. Геосаясатқа, басқа да макрокөрсеткіштерге сілтейді. Біз үшін басты көрсеткіш – экспорт көрсеткіші, ішкі нарықтағы валюта саудасы. Біз сол көрсеткіштерді бақылаймыз. Ұлттық банкпен өкілдерімен кездесіп, ішкі нарықтағы валюта сұраныстары, саудасы бойынша ұсыныстарды әзірледік. Үкімет бұл бағытта Ұлттық банкке барынша көмектеседі, – дейді ол.
Байбазаровтың айтуынша, Үкімет инвестиция тарту мәселесіне көбірек назар аударады. Мемлекеттік емес, жеке сектордан көбірек қаражат тартуды көздейді. Валюталық инвестицияға басымдық береді. Ұлттық холдингтер мен компаниялар көбірек шетелдік валютада инвестиция сала бастайды.
– Бізде валюта нарыққа сай бекітіледі. Сұраныс мен ұсынысқа тікелей байланысты. Ұлттық банк бүгін қандай шараларды қабылдайтынын айтты. 2 млрд долларды трансферттер, валюталық интервенциялар арқылы нарыққа Ұлттық банк қаражатты бағыттады. Осы шаралар девальвацияның жеделдеуін бәсеңдетеді деп сенеміз. Мұндай тұспалдармен доллар 600 теңгеге дейін қымбаттайды деп айта беруге болады. Сарапшылар пікірі көп, – деді ол.
“Яғни, доллар 545 теңге болады дегенмен келіспейсіз бе?” деген сұраққа Байбазаров “мұндай болжамды қарастырып жатқан жоқпыз” деп жауап берді.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
28 қарашадағы Қазақстанның айырбастау пункттерінде валюталардың орташа өлшенген бағамы белгілі болды. Доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізді.
Артынша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.