Госорганы

Назарбаев Университетінің қалай аталатыны маңызды емес, бастысы тиімділігін көтеру керек – Смайылов

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Назарбаев Университетіне аудит жүргізіліп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СМАЙЫЛОВ НЕ ДЕЙДІ

Мәжіліс кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі Смайыловтан НУ-ға аудит жүргізу барысы жөнінде, сонымен бірге оның атауын өзгерту турасында не ойлайтынын сұраған. Әлихан Смайылов мәселе атауында емес, оның тиімді жұмыс істеуінде екенін айтады. Оның сөзінше, аудиторлар аудит жұмыстарын жақында аяқтаған. Бірқатар кемшіліктер мен заңсыздықтарды анықтаған.

– Ең негізгісі, біріншіден университет әлі күнге дейін республикалық бюджетке тәуелді болып қалып отыр. Бұрынғы дербестігіне, президенттің көмегіне, салықтан босатылғанына қарамастан әлі де университет 97 пайызбен бюджеттен қаржыландырылады. Стратегиялық құжат бойынша университет басқа көзден қаржы табуы керек болған. Бірақ бұл жұмыс әлі де тиімді жұмыс істемей жатыр, – дейді ол.

Смайыловтың сөзінше, заң университетке ашық есептілікті талап етпейді. Бұл оның ашықтығына кері әсер етеді.

– Біз аудит нәтижесі бойынша 73 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау мен пайдалану фактілерін анықтадық. 500 млн теңгелік қаржылық бұзушылықты анықтадық. Университеттердің стратегиялық серіктестері – тауарлар мен қызметтерді конкурссыз, бір көзден беріп отыр. Бұл да біздіңше дұрыс емес. Ғылыми зерттеулердің коммерциялануы да өте төмен. Жоққа тән. Сондықтан, осы кемшіліктер бойынша аудиторлар университетке, үкіметке тиісті ұсыныстарын берді, – дейді ол.

АТАУЫ ЖАЙЛЫ

– Менің қалайтыным – университеттің жұмысының тиімділігін көтеру керек және республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету керек. Ал қалай аталатыны маңызды емес, – дейді ол.

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ

2024 жылдың 28 маусымындағы NU қамқоршылық кеңесінің шешімімен президент қызметіне Ұлыбританияның азаматы А. Вакар таңдалған еді. Вакар 2017 жылдан бастап Абу-Даби университетінің ректоры болды. Ол басшылық еткен жылдары Абу-Даби университеті Times Higher Education беделді рейтингіндегі үздік университеттер арасында 250-300 диапазонына дейін көтерілген.

Другие новости

Back to top button