Жолды жауып, намаз оқуға бола ма – Алматы мешіті жұма намазына қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Алматы қаласының Орталық мешіті жұма күндері мешітке сыймай қалып, көлік жүретін үлкен жолдардың үстінде намаз оқитын адамдарға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын, дәлірек айтсақ, 6 желтоқсан, жұма күні Алматы Орталық мешітінің жанында намаз оқып жатқан адамдардың видеосы тараған еді. Орталық мешіт бұл адамдар жұма намазына бірінші рет келіп тұр деген уәж ұсынып отыр.
«Парыз намазы басталғанға дейін мешіт қызметкерлері жамағатты мешіттің ауласына жайғастырған. Алайда, парыз намазы басталған соң мешіттің оң жақ бөлігі яғни, М.Мәметова көшесінің бір бөлігінде 5 минуттық құлшылық парызы өтеліп, салдарынан көшеде кептеліс пайда болған», — деп хабарлады Орталық мешіт.
Осыған байланысты, мешіт өкілдері жамағатқа ескерту жасап, намаз оқу тәртібі туралы маңызды мәлімдеме жасады.
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті жерде намаз оқуға тиым салған. Олар: қоқыс жиналған жерде, мал соятын орында, қабір басында, жолдың үстінде, моншада, мал суарылатын орында және қағбаның үстінде. Жол үстінде намаз оқуға тиым салуының басты себебі: жол қозғалысына кедергі келтірмеу. Ол көшемен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру көлігі немесе жұмысына асыққан адам жүретіні белгілі. Сондықтан, 5 минутқа көшені жауып намаз оқу қаншама ұзын-сонар көше көптелісін туындатады. Жұма намазын оқу кезінде жолды жауып, басқа адамдарға зиян тигізуге болмайды», — деп қадап айтқан Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі.