Ақтөбе облысында мектеп директорларынан ақша жинаған бөлім басшысы сотталды
Шалқар аудандық сотында лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп айыпталған бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сотта анықталғандай, бөлім басшысы лауазымындағы Ж. мектеп директоры А.-ға қоңырау шалып, барлық мектеп директорларынан тексеру жүргізу үшін ақша жинауды тапсырған. Нәтижесінде жиналған 1 500 000 теңге қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Іс сотқа жетпей тұрып, сотталушы мен прокурор арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалды. Сот отырысында Ж. кінәсін толық мойындап, айыптаушы тарап оған 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
«Сот Ж.-ның кінәсін сараптама қорытындылары, заттай дәлелдер және қылмыстық істегі өзге де дәлелдемелер негізінде растады. Үкім бойынша, оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынып, 1 жылға бас бостандығын шектеу және пробациялық бақылау жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.