ҚазМұнайГаз басшысы Асхат Хасенов пен энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Жаңаөзендегі жұмысшылардың ереуілі жөнінде Ulysmedia.kz порталының сұрағына жауап берді.
ҚАЗМҰНАЙГАЗ БАСШЫСЫ: ”ӘДІЛДІК БАР”
– Сіздер өткен аптада баспасөз мәслихатын өткізгеннен кейін біз мұнайшылармен сөйлестік. Олар өз талабымызда қаламыз деп отыр. Ал сіздер олардың талаптары орындалмайтынын кесіп айтасыздар. Сонда мәселені қалай реттемексіздер? Ереуіл бұқаралық сипат алып кетеді деп ойламайсыздар ма? – деп сұрады портал тілшісі Хасеновтен.
Асхат Хасенов “әр талап бойынша, оның себебі, қалай орындалғанын атап өттік” дейді. Зейнетке шыққан жұмысшылардың балаларын жұмысқа алу жөнінде талппен неге келіспейтінін айтады.
– Бір ғана адамдардың талабы басқа халыққа зиян келтірмеуі керек қой. Ол жерде алгоритм бар: зейнеткерлердің отбасыларына 50 пайыз жұмыссыздықтардан (…) Егер біз қазір тек БЖБ-ның жұмысшыларының балаларын жұмысқа кіргізер болсақ, қалған халық бұған қалай қарайды? Әрине, қарсы болады. Бұл бір.
Екіншіден, Өзенмұнайгаз ұжымдық келісімшартында “егер бір қиянатпен өндірісте біреу зардап шексе, сол жанұядан бір адам Өзенмұнайгаз компаниясына жұмысқа алынады” деп жазылған. Яғни, әділдік бар. Дәл осы талаптар бойынша себебін, неге ол орындалмайтынын айттық. Біз енді оны халыққа түсіндіре алмаймыз. Түсініңізші, егер біз қазір “БЖБ-ның талабы дұрыс, жұмысшы зейнеткерлердің балаларын алар болсақ, бізге қазір Маңғыстау облысында тұрған қаншама жұмыссыз адамдарға мұны қалай түсіндіреміз? – дейді ол.
“Егер сіздер түсіндіре алмасаңыздар, олар түсінбесе, сіздер не істейсіздер? Өзіңіз Жаңаөзенге бармайсыз ба?” деп сұрақ қойылған. Алайда бұл сұрақ ҚМГ басшысының шымбайына батып кетсе керек.
– Біз айттық қой. Менің барғанымнан (…) Біз сұрақтың түбін айтып жатырмыз ғой. Біз барғаннан сұрақ шешіле ме? Сіз әдейі провакационный (…) Бізде жүйелі түрде олармен қарым-қатынас бар. Барлық кәсіподақтармен мен жеке кездесіп жатырмын. Соның ішінде тамыз айында барша 37 кәсіподақтың (Өзенмұнайгаздағы) бәрімен кездестік. ӨМГ басшылығы, өкілдік бар, орынбасарым бар – барлығы кездесіп жатыр. Ешқандай кездесуден проблема жоқ. Сұрақтың түбірі, талап – оның орындалуы. Біз себебін айтып жатырмыз. Басқа сұрақтар болса, біз диалогқа дайынбыз, – дейді ол.
Хасеновтің айтуынша, “БЖБ-ға қатысты 460 адамның жартысы – 210-ы жұмысқа шыққан”.
СӘТҚАЛИЕВ: АЛЫП-ҚОСАРЫМ ЖОҚ
Ulysmedia.kz тілшісі Жаңаөзендегі осы ереуілге байланысты энергетика министрі Алмасадам Сәтқалилевтен жұмысшылардың талаптарымен білетінін немесе білмейтінін, дауды неге реттей алмай отырғанын сұрап көрген. Жұмысшылар қазақ тілді болғаннан кейін министрдің жауабын қазақша жауап беруін өтінген. Алайда ол орыс тілінде “алып-қосарым жоқ” деп жауап берді.
– Алып-қосарым жоқ. ҚазМұнайГаз басшысы жауап берді. Олар жұмыс жүргізіп жатыр. Энергетика министрлігінің құзіретіне кірген кезде біз сізге жауап береміз, – деді ол.
БЕС ТАЛАП
«Бұрғылау жұмыстары басқармасы» комнаиясының жұмысшылары басшылыққа бұған дейін бес талап қойған. Сол талаптарынан айнымаған:
- ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығынан айырылған мұнайшылардың балаларын тікелей штатқа алу;
- Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу;
- Ұжымдық шартта 2013 дейін болған дербес еңбекақы төлеу жүйесін қайтару;
- машинистер мен операторлардың дәрежесін көтеру;
- 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық шартқа енгізу.
Осыдан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Өзенмұнайгаздың» наразы жұмысшыларының талабына жауап берген болатын.