Жерде 11 станция, жер үстінде 7 станция: Астана LRT-ның негізгі құрылысы толықтай аяқталды
Астанадағы атышулы LRT желісі станцияларының темірбетонды негізгі құрылыстары 100 пайызға аяқталды. Жұмыстар аясында монолитті қаңқалар, көтергіш арқалықтар, платформалардың темірбетонды конструкциялары, ригельдер және басқа да элементтер салынды. Осы үшін В45 маркалы 79 971 текше метр бетон мен 9,59 мың тонна арматура қолданылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі CTS-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, LRT желісі көп деңгейлі залдары мен платформалары бар 18 станциядан тұрады, олар екі түрге бөлінеді: жердегі (11 станция) және жер үсті (7 станция).
Жер үсті станцияларының ерекшеліктері:
Сығанақ көшесінде (2 станция), Ш.Қалдаяқов көшесінде (4 станция) және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы ауданында (1 станция) орналасқан станциялар жол ортасында орналасады. Станцияларға қауіпсіз кіру үшін жерүстінен өтетін екі өткел қарастырылған. Барлығы – 14 өткел.
«Биыл № 101 станциясының (100% дайын) қасбет жұмыстары аяқталды, оған 497,51 тонна металл конструкцияларын орнату және сыртқы панельдер мен витраждарды қаптау (4 765 м²) кіреді. №109 және № 112 станцияларында 1 210,22 тонна металл конструкциялары орнатылды», — делінген аталмыш компанияның хабарламасында.
2025 жылы барлық станцияның құрылысы толығымен аяқталады деп жоспарланды. Оның ішінде:
- қасбеттердің монтажы;
- жерүстінен өтетін өткелдердің құрылысы;
- ішкі әрлеу жұмыстары;
- жақын аумақтарды абаттандыру.
Айта кетейік, осыған дейін LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты кезекті сот үкімі шыққаны хабарланған болатын.