Госорганы

Қазақстанда ит қапқан 6 адам құтырма ауруынан көз жұмды, олардың үшеуі — бала

Қазақстанда 2019-2022 жылдар аралығында 6 адам құтырма ауруынан көз жұмған, олардың үшеуі – бала. Бұл туралы Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында өткен дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол биыл Қазақстанда адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмегенін атап өтті.

«Бірақ 2019-2022 жылдар аралығында құтырма ауруынан 6 жағдай тіркелді. Оның ішінде үш бала ауырған. Құтырма ауруының себебі жануарлардың тістеуі болған. Барлық жағдайда науқастарға медициналық көмекке симптомдар пайда болғаннан кейін ғана жүгінген. Барлық науқас құтырма ауруынан көз жұмды», — деді Ахметова.

Оның айтуынша, жыл сайын республика бойынша жануарлардан зардап шеккен 50  мыңнан астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгінеді, оның 99 пайызы профилактикалық вакцина егеді. Қалған бір пайызы вакцинациядан бас тартады.

«2024 жылғы он айдың ішінде медициналық көмекке жүгінген адамдар саны 44 266 болды. Оның ішінде 32 345 адамды ит қапқан. Медициналық көмекке жүгінгендер арасында 14 жасқа толмаған балалардың саны –  17 078»,- дейді комитет төрағасының орынбасары.

Ахметова адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмеуіне қарамастан жануарлардың тістеуіне, тырнауына байланысты медициналық көмекке жүгінген кезде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізетінін айтты.

Жалпы, Ахметованың айтуынша, құтырма ауруының 99 пайызы адамдарға иттер арқылы жұғады. Бұл ауруға көбіне 5 жастан 14 жасқа дейінгі балалар шалдығады.

Другие новости

Back to top button