«Маған кімді меңзегеніңді айт»: Атырауда блогер мен депутат не үшін дауласып қалды
Атырауда депутат пен белсенді шекісіп қалды. Даудың бір жағында – блогер, Атырау облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі Сандуғаш Кукенова, екінші жағында – облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев тұр. Бір-біріне қарсы екі жақтың өз аргументі бар. Дауға не себеп болды? Олар бір-бірін не үшін айыптайды? Екіжақты дау не себепті іс қозғалатындай деңгейге жетті? Ulysmedia.kz тілшісі екі жақ тараппен де сөйлесті, полициядан істің мән-жайын сұрады.
Редакциямызға келіп жеткен видеода депутаттың кабинеттен шығып кетуге тырысқаны, алайда оның жолына бір әйелдің бөгет болып, «кім екенін айт» деп талап еткені көрінеді. «Менің бостандығымды шектеп тұрсыңдар» деп кабинеттен шығуға асыққан адам – депутат Сырымбек Сәрсембаев екен. Ал одан тоқтауын талап еткен адам – блогер, белсенді Сандуғаш Кукенова.
Ғимараттан шығуға асыққан депутат пен блогер жаға жыртыса жаздаған сәтінде Сәрсембаевтың кеудесіндегі депутаттық төсбелгісі сылдыр етіп жерге түседі.
САНДУҒАШ КУКЕНОВАНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Сандуғаш Кукенова Ulysmedia.kz порталымен сөйлескен сәтінде даудың басы – Сырымбек Сәрсембаевтың Meta әлеуметтік желісіндегі постынан басталғанын айтады. Оның сөзінше, депутат жазбасында «Құлсары қаласын судан аман-есін алып қалған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановқа «Халық қаһарманын» беруін ұсынып, жұртқа есімін паш еткен». Сандуғаш Кукенова сол посттың астына «неге олай дейсіз, Құлсары қаласы суға кеткенде бүкіл халық, мемлекет болып, қаражат бөліп, аман алып қалған» деп жазған. Осыдан кейін депутат блогердің пікірін өшіріп, бұғаттап тастаған.
«Мен ол посттың астына өзімнің пікірімді жазып, «неге сіз ол кісін қаһарман қылып жатырсыз, Құлсары қаласы суға кеткенде бүкіл халықтың жұмылып жұмыс жасағаны барлығымызға белгілі» дедім. Сол постта менің комментарийімді кетіріп, бұғаттап, бес күн бойы үздіксіз, аузына келген неше түрлі посттарды жариялап келді. Мен 1 қараша күні «е-өтініш» арқылы ресми түрде «Аманат» партиясына және Парламент Мәжілісіне, Атырау облыстық мәслихатына Сырымбек Сәрсенбаевпен бізді кездестіруін сұрадым. Ол кісі бізбен кездесетінін білді. Біздің мақсатымыз – мені бұғаттағаннан кейін үздіксіз пост жариялауының себебін сұрау. «Қазіргі блогерлер әке-шешесін бес теңгеге сататындар», «қазіргі журналистер мен блогерлер жалдамалы жендеттер» деп, өте ауыз сөздер айтты. Сол сөзіне жауап алу үшін «Аманат» партиясына барып, Сырымбекпен кездесу барысында ол өзін өте дөрекі ұстап, бізді менсінбей, «мен сендерге жауап беруге міндетті емеспін» деп, үстелді лақтырып, «мені сайлаған Құлсары қаласына ғана есеп беруге тиістімін, керек болса мені сотқа беріңіздер» деп өзін өте дөрекі ұстады», — дейді ол.
Белсенді депутаттың посттарын өте ауыр әрі салмақты мәлімдеме деп қабылдағанын айтады. Сол себепті өзінен барып, «кім жайлы айтып отырсыз, аты-жөні кім?» деп жауап беруін талап еткен.
Сандуған Кукенова Сырымбек Сәрсенбаев Құлсары қаласы үшін ғана жауап беретін болса, не себепті Атыраудың, басқа өңірдің мәселелеріне араласып, Атырау қаласының блогерлеріне, журналистеріне осындай ауыр сөздерді жариялады деп мәселе көтереді. Осы жазбасы үшін ешқандай жауап ала алмай отырғанын айтады. «Мен оның төсбелгісін лақтырған жоқпын» дейді ол. «Өзінің парақшасында шындыққа сай келмейтін ақпараттарды жариялағаннан кейін өзі осындай жағдайға жеткізді» деп есептейді.
«Сол жағдай болғаннан кейін кездесуден соң жалған ақпарат беріп, әлеуметтік желіге өзінің кеудесін ашып, «мені ұрды, соқты, кеудеме жабысты» деп, жалған ақпарат таратып, жалған арыз жазып, үстімнен іс қозғады. Сол кездесу барысында ол кісі Рашит деген біреуге телефон соғып, «жігіттердің жиналуын» талап етіп, өзінің іс-әрекеттерін көрсетті. Бізде қазіргі таңда Сырымбек Сәрсенбаев кім деген сұрақ туындап тұр? Депутат па, әлде басқа кісі ме? Неге Рашит деген кісіге бұйырып, ол кісіге «жігіттерді жинауға» бұйрық берді? Ол кісі солай хабарласқаннан кейін маған және отбасыма үлкен қауіп төніп тұр», — дейді ол.
ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖҮГІНУ: МАҒАН ҚАУІП ТӨНІП ТҰР
Әлеуметтік желідегі парақшасында Сандуғаш Кукенова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған. Себебі қазір өзіне, отбасына қауіп төніп тұр деп есептейді. Сөзінше, осы жағдайдан кейін «депутатқа неге жала жабасың» деп, СМС-хабарлама арқылы қорқытқандар пайда болған.
«Сырымбек Сәрсенбаев қазір бүкіл блогерлер мен белсенділер арасында өте үлкен іріткі салып жүр деген ойдамын. Себебі біз осы уақытқа дейін Құлсары қаласының белсенділерімен бірлесе жұмыс атқарып, алдағы уақытта да бірлесе еңбек етеміз деген ойдамын. Сол себепті Сырымбек Сәрсенбаевқа қандай да бір шара қабылдауды сұраймын. Сіздерден көмек сұраймын.
Мені қазір ер-азаматтар түсінбей жатыр? Неге ер-азаматтың жағасынан аласың деп ойлап отырған боларсыздар. Бірақ мені ең әуелі, әйел адамдар түсінеді деген ойдамын. Себебі әйелдерде бәрі жақсы болса, ер-азаматтар ұсақталмаса, әйелдер балаларын бағып, үйде отыратын еді. Біз депутатқа мұң-мұқтажымызды айтып, халықтың мәселесін жеткізіп, билікке жеткізетін осы депутаттар деп ойлаймыз. Сырымбек Сәрсенбаевтың қылығын біз әлі түсінбей жатырмыз. Құдай сақтасын, біздің елге өте қатты қауіп төнетін болса, мына депутаттарымыз «әйел адамнан таяқ жедім» деп, арыз жазып жүрсе, онда біз басқаша қалай ойлай аламыз?» — дейді желідегі парақшасында Сандуғаш Кукенова.
СЫРЫМБЕК СӘРСЕМБАЕВТЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Ulysmedia.kz тілшісі депутат Сырымбек Сәрсенбаевпен де тілдесті. Ол Атыраудағы БАҚ бұл мәселе туралы ақпарат таратпай отырғанын айтып, оларға біреулер кедергі келтіріп отыр деп есептейді. Сөзінше, былтыр 8 қазан күні блогерлер туралы пост жазған. Өзі 2022 жылдан бері кейбір адамдардың шеттен шығып, іс-әрекет жасауын сынап жүргенін айтады.
«Мен жазған постта ешкімнің аты аталып, түсі түстелмеген. Иванов, Сидоров деп нақты ешкім көрсетілмеген. Халықтың айтқан проблемасын «шектен шықпайық» деп, пост қылып жаздым. Ғимараттан шығып кетпек болғанымда үш блогер кабинетке кіріп келіп, шығатын жолыма тосқауыл болып, сұрақтарын қойды. Олардың әрбірінің сұрағына фактімен толық жауап бердім. Рашит деген белсендімен кездесуім керек еді. Ол «сұрақтарымыз бар» дегеннен кейін «мен жинай бер, белсенді жігіттерді, мен қазір барам» деп, шығып бара жатқанда видеодағы жағдайлар орын алды.
Ой еркіндігі, сөз бостандығы деген бар. Мен ешкімге жала жауып, атын атап, түсін түстеген емеспін. Мен халықтың арасында ауызекі айтылып жүрген нәрсені желідегі парақшама жаздым. Сондықтан, қалай сөз бұрмаланса да, менікі 100% дұрыс! Көпшіліктің мені қолдап жатқаны сол», — дейді ол.
Сырымбек Сәрсембаев мәжілісмен «Дүйсенбай Тұрғановқа «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынған» деген сөзді үзілді-кесілді жоққа шығарады. Солай деп жазған «скриншотын, аудиосын тауып берсеңіз, мен басымды кесіп берейін» дейді. «Ағамыз араласпағанда, Құлсары қаласы түгелдей су астында қалар еді» деп жазғанын жасырмайды.
«Ол менің жеке көзқарасым, жеке пікірім. Бірақ ол жерде мен «халықтың еңбегі, ерлігі жоқ» деп айтып отырған жоқпын. Біз эпизодты баяндап тұрмын. Сол халықтың ішінде өзім де күні-түні жүрдім. Мен постта «Құлсарыны қауіптен құтқарып қалған қаһарман» деп жаздым. Негізгі стратегиялық шешімді қабылдап, халыққа үлкен көмек жасағанын ғана айттым. Менің мақтауыма ол кісі мұқтаж емес. Мен ел басына күн туғанда еңбек еткен кісілерді білсін деп жаздық. Посттың ішін мүлде ешкім оқып жатқан жоқ. Сондықтан, «Халық қаһарманы» атағын беру керек деген сөзі жалған жала» — дейді ол.
«МЕН БҰЛ ІСТІ АЯҒЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗЕМ»
Осы жайттың ізінше депутат желіге «Бес теңге үшін әке-шешесін жамандайтын блогерлер, біреулер үр дегенге ит құсап абалайтынын бәріміз білеміз» деп жазған. Онысын да жоққа шығармайды.
«Мысалы, жемқор депутаттар дейді. Мен ешкімге ренжіп жатқан жоқпын ғой. Ұсталып жатқандары бар. Мен депутат болсам да, «неге олай айтасың» деп ешкімге айтпаймын. «Неге әке-шешеңді сатасың» деген сөзді мен түсіндірейін. Мен ақын адам ретінде айтайын, ешбір адам баласына «жаман бол» деп айтпайды. «Ұрлық жасама» дейді. Атырауда жақында бір блогер сотталды. Ақша бопсалады деген айыппен кетті. Әке-шешесі «ұрлық жаса» деген жоқ қой. Әке-шешесінің тәрбиесін ақша үшін айырбастаған адам деп айтып жатырмын», — дейді ол.
Атырауда блогерлер мен бір мекеменің күзетшісі сөзге келіп, соңғысы көз жұмғаны жөнінде жаңалық бұған дейін резонанспен көп тараған еді. Депутат соны мысал ретінде келтіреді.
«Мемлекеттік мекемеде күзетшіге маған жасалған шабуылдай белсенді блогерлер шабуыл жасап, ол кісі қайтыс болды. Ол істі жауып тастады. Себебі бұлардың артында үлкен саяси, ақшасы бар, құқық қорғау органдарымен байланысты үлкен топ қорғап отыр. Бұлар жазасыз анархиямен кетті. Билікті мойындамау. Жалғыз менің ситуациям емес, бес-алты видео жібердім. Әкімдіктің ішінде ұрсысып жатқан видеолар бар. Күзет бар – неге сол кезде шара қолданбайды. Күзетшінің өлімінен кейін халықтың қазір блогерлерге деген көзқарасы өте нашар. Мен «неге адам өліміне дейін әкеп тұрсыңдар» деп жаздым. Бір емес, осы тақырыпта бірнеше рет жаздым. Күзетшінің өлімі аяқсыз қалмауы керек. Мен бұл істі аяғына дейін жеткізем. Өзім үшін емес, күзетші сияқты жігіттер жетім-жесір қалып, о дүниелік болып кетпес үшін», — дейді депутат.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ НЕ ДЕЙДІ
Ulysmedia.kz порталы Атырау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Максим Ізбасовқа қоңырау шалған. Ол әуелі «Сандуғаш Кукенованың әрекеті дұрыс емес, депутаттық төсбелгісінде оның жұмысы жоқ, оны сыйлау керек» деді. Бұрын да кеңес мүшесіне ескерту жасап, талап қойғанын айтады. Алайда депутат Сырымбек Сәрсембаевтың Дүйсенбай Тұрғанов жайлы жазған постын да қоштамайды. «Еңбекті бір адамға телуге, бүкіл халық жүрген жерде оны бөліп алуға болмайды» деп есептейді. Жағдайды реттеуге тырысатынын атап өтеді.
Редакция Атырау облысының полиция департаментіне хабарласып, нақты қандай бап бойынша іс тіркелгенін сұрастырған. Департаменттің баспасөз қызметі ақпаратты жолдауға уәде берді. Мақала жарияланғанша жауап келген жоқ.